Омбы депутаттары Тоқаев атындағы гүлзарға қатысты шешімді кейінге қалдырды

16.07.2026 14:44 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Омбы депутаттары Тоқаев атындағы гүлзарға қатысты шешімді кейінге қалдырды
103
Коллаж Politico.kz

Ресейдің Омбы қаласында Қазақстан президентінің әкесі Кемел Тоқаевтың құрметіне гүлзар атауын беру мәселесі уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Politico.kz Омск-инфоға сілтеме жасап.

Омбы қалалық кеңесінің көктемгі сессиясының қорытынды отырысында «Госпиталь» аялдамасы мен әкімдік ғимараты маңындағы аумаққа жазушы әрі майдангер Кемел Тоқаевтың есімін беру туралы түпкілікті шешім қабылдануы керек еді. Алайда депутаттар бұл мәселені жер телімінің шекарасын анықтау қажеттілігіне байланысты күн тәртібінен алып тастады.

«Кадастрлық параметрлерді нақтылау қажеттілігі туындады. Осы параметрлерді нақтылау үшін мәселені күн тәртібінен шығару ұсынылады», – деді қалалық кеңес төрағасы Владимир Корбут.

Гагарин көшесі аумағындағы гүлзарға Тоқаевтың есімін беру бастамасын аймақтық қазақ ұлттық-мәдени автономиясы көтерген және бұл орын кездейсоқ таңдалмаған, себебі соғыс жылдарында Кемел Тоқаев ауыр жарақаттан кейін дәл осы госпитальда емделген.

Жалпы бұл шешім 24–25 шілдеде Омбыда өтетін және екі ел басшылары Владимир Путин мен Қасым-Жомарт Тоқаев құрметті қонақ ретінде қатысады деп күтіліп отырған Ресей мен Қазақстанның аймақаралық ынтымақтастығының 22-ші форумына орайластырылған. Сонымен қатар президенттердің сапарына дайындық аясында қала орталығындағы Тухачевский жағалауының бір бөлігін Достық жағалауы деп өзгерту жоспарланып отыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий