Он жастағы балаға екі ай бойы зорлық жасаған күдікті өлі табылды
Өзбекстанның Жызақ облысында 10 жастағы балаға екі ай бойы жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасады деген күдікке ілінген 53 жастағы ер адамның мәйіті табылды. Күдікті баланың туысы болып шыққан, деп хабарлайды Politico.kz.
Жергілікті басылымдардың хабарлауынша, ол баланы қорқытып, «біреуге айтсаң, зиян келтіремін» деп үркітіп келген. Соның салдарынан жасөспірім көрген қорлығын ұзақ уақыт бойы ешкімге тіс жарып айта алмаған.
Жызақ облыстық Ішкі істер басқармасының мәліметінше, аталған дерек бойынша Өзбекстан Қылмыстық кодексінің 119-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында күдіктінің бұған дейін де осы кодекстің 169-бабымен сотты болғаны анықталған.
Қылмыстық іс шеңберінде ер адам Жызақ қалалық прокуратурасына жауап алуға шақырылған. Алайда ол жауапкершіліктен қашып, тәртіп сақшыларынан бой тасалап жүрген.
3 қазанда оған ресми түрде іздеу жарияланып, жедел-іздестіру шаралары ұйымдастырылды. Нәтижесінде 4 қазан күні оның жансыз денесі өзіне тиесілі құрылысы аяқталмаған ғимараттан табылды. Қазіргі уақытта оның өлімінің нақты себебі анықталуда.
Қазір Жызақ қалалық прокуратурасы мен ішкі істер органдары сотқа дейінгі тергеуді жалғастырып, оқиғаның барлық мән-жайына құқықтық баға беріп жатыр. Құқық қорғаушылар істің әлі тергеліп жатқанын және кінәлінің кінәсі тек сот үкімімен дәлелденетінін еске салды.
Айта кетерлігі, бұл қайғылы оқиға елде педофилдерге қарсы жазаны қатаңдату туралы заң жобасы қабылданған шаққа тұспа-тұс келді. 2 қазанда Өзбекстан Сенаты 14 жасқа толмаған балаларға қатысты жасалған жыныстық қылмыстар үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын көздейтін заңды мақұлдаған болатын. Құжат мемлекет басшысы қол қойғаннан кейін заңды күшіне енеді.
Соңғы жаңалықтар