Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың үстінен Тоқаевқа шағым түсті
Желіде Оқу-ағарту министрлігінің қазіргі және бұрынғы қызметкерлерінің президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған ұжымдық үндеуі тарады. Шағым иелері ведомстводағы жаппай жұмыстан шығару мен қысымды алға тартып, министр Жұлдыз Сүлейменованы қызметінен босатуды сұрап отыр. Бұл туралы Ulysmedia.kz жазды, деп хабарлайды Politico.kz.
Олардың сөзіне қарағанда, жаңа басшы келгелі министрліктегі жағдай күрт өзгеріп, қызметкерлер тұрақты психологиялық қысымға ұшыраған.
"Министр Жұлдыз Сүлейменова келген сәттен бастап ұжымдағы моральдық-психологиялық жағдай күрт нашарлай бастады. Құрмет пен сенімге құрылған тұрақты ортаның орнына эмоционалды қысым мен қорқыныш атмосферасы қалыптасты", – делінген ұжымдық хатта.
Жұмыс жиналыстарында басшыларды көпшілік алдында дөрекі түрде сөгіп, намысына тиетін ескертулер жасайтыны айтылған. Бұл ұжымның моральдық жағдайына кері әсер етіп, басшылық пен қызметкерлер арасындағы сенімді бұзған.
Сонымен қатар хат авторлары министрдің кадрлық саясатына наразы. Сүлейменова келгелі департамент пен комитет басшылары, бағынысты ұйым жетекшілері жаппай жұмыстан шығарылған. Тағы бірнеше қызметкер жұмыстан кетудің алдында тұр.
"Құрылымдық ұйымдар басшыларының жұмыстан босатылуы кәсіби кадрлық әлеуеттің жоғалуына, жұмыстағы сабақтастықтың бұзылуына және қазіргі қызметкерлерге түсетін жүктеменің артуына әкелді", – деп мәлімдеді шағым авторлары.
Сондай-ақ хатта кейбір үміткерлерді тағайындау үшін конкурс шарттары әдейі өзгертілгені және министрлікте небәрі бірнеше ай ғана жұмыс істеген адамдардың мемлекеттік марапаттар алғаны жазылған. Осыған байланысты қызметкерлер президенттен тәуелсіз тексеріс жүргізіп, Жұлдыз Сүлейменованың отставкаға кету мәселесін қарастыруды сұрайды.
Айта кетсек, Жұлдыз Сүлейменова Оқу-ағарту министрлігін 2025 жылдың қыркүйегінде басқарып, бұл қызметте Ғани Бейсембаевты алмастырған. Оған дейін ол мәжіліс депутаты және Ұлттық құрылтай мүшесі болған.
Соңғы жаңалықтар