«Осы елді аяғынан тік тұрғызар едім»: Арон Атабектің қызы әкесінің соңғы сөздерін еске алды
Ақын әрі қоғам қайраткері Арон Атабектың қызы Алма Нутушева әлеуметтік желідегі парақшасында әкесіне арнап жүрекжарды жазба жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.
Ол 2021 жылдың қазан айында әкесімен болған соңғы әңгімелерінің бірін еске алып, Арон Атабектың өзіне бірнеше рет «екі дүниеде де қорғаның боламын» деп айтқанын жеткізді.
«Қызым, екі дүниеде де сені қорғаймын!» деген сөзіңді 2021 жылдың қазанында бірнеше рет естідім. Мұны есту мен үшін қорқынышты еді. Сенгім де келмеді. Менің абдырап қалғанымды көріп: «Егер тағы 15 жыл өмір сүрсем, осы елді аяғынан тік тұрғызар едім», – дейтінсің. Артынша қай дүниеде болсам да, саған қорған болатынымды тағы айтатынсың. Мен саған сенемін. Өйткені оны жүрегіммен сеземін», – деп жазды Алма Нутушева.
Ол әкесін қатты сағынатынын айтып, оның өмірден өткеніне бірнеше жыл өтсе де, жүрегіндегі сағыныш пен қайғының сейілмегенін жеткізді.
«Сені сағындым, әке... Менің соңғы қазақ самурайым! Бес жылға жуық уақыт өтіп барады. Бірақ сен бұл дүниеден бүгін ғана кеткендейсің. Жанымдағы жара әлі де ескірген жоқ», – деді ол.
Соңғы жаңалықтар