Тоқаев Ресейде өткен халықаралық форумда сөз сөйледі

Тоқаев Ресейде өткен халықаралық форумда сөз сөйледі
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейде өткен AI Journey 2026 халықаралық конференциясында сөз сөйлеп, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамыту мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Мемлекет басшысы Ресейдің ғылыми жетістіктерін жоғары бағалап, екі ел арасындағы технологиялық әріптестікті кеңейтудің маңызын атап өтті.

Конференция барысында Тоқаев форумға шақырғаны үшін Ресей Президенті Владимир Путинге алғыс білдірді. Сондай-ақ Ресейдің ғылым мен техника саласындағы жетістіктерін сөз етіп, Михаил Ломоносов, Дмитрий Менделеев, Сергей Королев, Константин Циолковский сынды ғалымдардың еңбегін атап өтті.

Президенттің айтуынша, Ресейдің ғылыми дәстүрі бүгінде де жалғасып келеді. Ол «Сбер» мен «Яндекс» секілді технологиялық компаниялардың жетістіктеріне тоқталып, олардың Қазақстан нарығында да кеңінен танымал екенін айтты. Әсіресе «Яндекстің» еліміздегі ірі жұмыс берушілердің бірі екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект пен жаппай цифрландыру Қазақстандағы реформалардың басым бағыттарының бірі екенін жеткізді. Оның сөзінше, жаңа Конституцияда ғылым мен инновацияны дамыту стратегиялық бағыт ретінде белгіленген.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресейді ортақ тарих, экономикалық байланыстар және көпғасырлық достық біріктіретінін атап өтті. Сондай-ақ озық технологиялар саласындағы ынтымақтастық екі елдің стратегиялық әріптестігінің негізгі бағыттарының біріне айналуы мүмкін екенін айтты.

Тоқаевтың пікірінше, әлем жаңа ғылыми-индустриялық революцияның алдында тұр. Бұл өзгерістер жаһандық экономикаға ғана емес, адамдардың дүниетанымы мен мемлекеттердің даму бағытына да ықпал етеді.

Президент жасанды интеллекттің бүгінде тек жекелеген өндірістік немесе зияткерлік процестерді автоматтандыру құралы емес, технологиялық инфрақұрылымның ажырамас бөлігіне айналғанын атап өтті.

Ол биыл әлемде жасанды интеллектке жұмсалатын қаражат шамамен 2,7 триллион долларға жетуі мүмкін екенін айтты. Оның ішінде 1,5 триллион доллардан астамы цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталмақ.

Сонымен қатар Стэнфорд университетінің зерттеуіне сәйкес, сауалнамаға қатысқан ұйымдардың 88 пайызы жасанды интеллектіні күнделікті жұмысында қолданатынын жеткізген. Ал екі жыл бұрын бұл көрсеткіш 55 пайыз болған.

Мемлекет басшысы технологиялық өзгерістердің ұзақ мерзімді сипатқа ие екенін және бұл үдерісті тоқтату мүмкін емес екенін атап өтті.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу