Пара алған Оралдағы түрме бастығының экс-орынбасарына үкім шықты

05.08.2026 17:47 Әсел МҰРАТ
Пара алған Оралдағы түрме бастығының экс-орынбасарына үкім шықты
217
Фото: ашық дереккөз

Орал қаласындағы түзеу мекемесі бастығының бұрынғы орынбасары Қайсар Құрманов сотталған азаматтан пара алғаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Halyqstan-ның жазуынша, сот оған 2,5 млн теңге көлемінде айыппұл салды. 

Әділет майоры мамыр айының соңында өз үйінің маңында ақша алған сәтте ұсталған. Жеке тінту кезінде оның жанынан 100 мың теңге табылған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, пара сотталған адамға заңсыз жеңілдіктер жасау үшін берілген. Ресми емес мәліметтер бойынша, әңгіме колония аумағына ұялы телефон кіргізуге рұқсат беру туралы болуы мүмкін.

Күдікті ұсталған күні ҰҚК департаментінің қызметкерлері түзеу мекемесінде тінту жүргізген. Алайда оның нәтижелері туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.

Қайсар Құрманов өз кінәсін толық мойындап, тергеумен ынтымақтастық орнатқан. Осыған байланысты қылмыстық іс жеңілдетілген тәртіппен қаралды.

Сот шешімімен бұрынғы лауазымды тұлғаға 2,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар ол әділет майоры арнайы атағынан және өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

Еске салайық, мамыр айында Орал қаласында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Батыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №170/2 түзеу мекемесі бастығының орынбасары Қайсар Құрмановты ұстағаны туралы ақпарат тараған еді. Кейіннен ҰҚК оның тергеліп жатқанын растады.

Войдите, чтобы оставить комментарий