Параға планшет пен пеш: Астанада білім саласының басшысына айыппұл салынды
Балабақшаны аттестаттаудан өткізуге көмектесудің шарты планшет пен микротолқынды пеш болған. Журналист Михаил Козачковтың жазуынша, Астанада білім саласындағы шенеунік осы екі затты пара ретінде алғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Іс елорданың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралған. Сот алдында 51 жастағы Кенжегүл Бекимова мен балабақшаны басқарған 35 жастағы кәсіпкер Құндыз Баяхметова жауап берген. Біріншісіне айтарлықтай мөлшерде пара алу, екіншісіне пара беру айыбы тағылған.
Бекимова Астана қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментін басқарған.
Козачковтың мәліметінше, мемлекеттен қаржы алып отырған «Ботақан» балабақшасы аттестаттаудан өте алмай, уәкілетті органнан теріс қорытынды алған. Ал сол органның басшысы Бекимова әріптестерінен балабақша директорының телефон нөмірін алып, Баяхметоваға қажетті құжаттарды тапсыру керегін ескерткен әрі қабылдауына шақырған.
Кездесу кезінде шенеунік аттестаттаудан өтуге көмектесетінін, бірақ оның орнына микротолқынды пеш пен тұғырға орнатылған планшет қажет екенін айтқан, деп жазады журналист.
Баяхметова келісіп, техниканы сатып алу үшін бірден несие рәсімдеген. Hansa микротолқынды пешін 32 мың теңгеге, Maxmoll планшетін 350 мың теңгеге сатып алып, шенеунікке жеткізген.
Осы келісім туралы құқық қорғау органдары білгеннен кейін екі әйел де кінәсін мойындап, сатып алу түбіртектері мен техниканы өз еркімен тапсырған. Сондай-ақ соттан бас бостандығынан айырмауды сұраған.
Козачковтың хабарлауынша, сот Бекимованы пара алғаны үшін кінәлі деп танып, 10 млн 589 мың теңге айыппұл салған. Оған мемлекеттік органдарда жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынған. Баяхметоваға пара бергені үшін 7 млн теңге айыппұл тағайындалған.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Планшет пен микротолқынды пеш мемлекет кірісіне өткізілген.
Соңғы жаңалықтар