Павлодар мекемелері неге Ресей заңымен жұмыс істейді?

Мемлекеттік gov.kz порталында жарияланған ресми құжатта Қазақстан заңының орнына Ресей Федерациясының азаматтық кодексі көрсетілгені анықталды.
Павлодар облысының Әділет департаменті ел назарына ілікті. Мекеме Ақсу қаласы әкімдігінің атынан жариялаған ресми құжатта Қазақстан Республикасының емес, Ресей Федерациясының заңнамасына сілтеме жасап, көпшілікті таңғалдырды.
Дауға себеп болған құжат лицензиялық шарттарға арналған. Оның мәтінінде: "Ресей Федерациясының Азаматтық Кодексінің 1235 - бабының 6-тармағына сәйкес лицензиялық шарттың мәні зияткерлік қызметтің нәтижесі немесе даралау құралы болып табылады..." деп тайға таңба басқандай жазылған. Бұл Қазақстанның ресми органы дайындаған құжат үшін өте оғаш көрініс.
Еліміздің кез келген мемлекеттік құжаты Қазақстан Республикасының заңнамасына негізделуі тиіс екені белгілі. Алайда, Павлодар облысының Әділет департаменті қол қойған бұл материалда қалайша көрші елдің заңы тайраңдап жүргені түсініксіз.
Бұл кездейсоқ кеткен қателік пе, әлде біз білмейтін бір жаңалық па, белгісіз.
Соңғы жаңалықтар





