Павлодар облысында газ баллоны жарылып, бірнеше адам ауруханаға түсті
Павлодар облысы Ақсу қаласында газ баллоны жарылып, үш адам зардап шекті. Зардап шеккендердің бірі жансақтау бөлімінде ауыр халде жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Төтенше жағдай жер үйлердің бірінде болған.
«10 литрлік баллоннан газ-ауа қоспасы тұтанып, соңы өртке ұласқан. Үйдің кіреберісіндегі заттар мен жиһаз жанып, кейін жалын шатырдың ағаш конструкциясына көшкен», - деп хабарлады Павлодар облыстық ТЖД.
Өрт тез арада сөндірілген.Соған қарамастан зардап шеккендер бар. Жарылыс кезінде үй ішінде адамдар болған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оқиға орнына үш жедел жәрдем бригадасы жіберілген. 56 және 54 жастағы екі әйел және 33 жастағы ер адам Ақсу қалалық ауруханасына жеткізілді.
«Беті мен денесін күйік шалған (денесінің 50–55 пайызы) 1970 жылы туған әйел жансақтау бөліміне жатқызылды, жағдайы ауыр. Ол есін біледі, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған», - дейді дәрігерлер.
1972 жылы туған әйелдің қол-аяғы мен құлақ қалқандарын термиялық күйік шалған. Ер адамның қолы тілінген. Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін екі зардап шегуші де амбулаторлық ем алуға жіберілді.
Соңғы жаңалықтар