Павлодарда өзін іздеген тікұшақ апатқа ұшырап, екі тәулік қамыста жатқан балықшы оқиғаны айтып берді

26.06.2026 12:14 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Павлодарда өзін іздеген тікұшақ апатқа ұшырап, екі тәулік қамыста жатқан балықшы оқиғаны айтып берді
163
Коллаж Politico.kz

Павлодар облысында екі тәулік бойы сусыз әрі тамақсыз қамыс арасында жатқан 71 жастағы зейнеткерді полицейлер аман алып шықты, деп хабарлайды Politico.kz ІІМ сілтеме жасап.

Оқиға 24 маусым күні басталған, сол кезде полицияға өзен жайылмасына барып, аяғын жарақаттап алғаннан кейін орнынан қозғала алмай қалған ер адамнан қоңырау түсіп, артынша байланыс үзіліп кеткен.

Хабарлама түскен бойда Павлодар аудандық полиция бөлімі мен Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлерінен арнайы топ құрылып, Байдала ауылынан Заря ауылына дейінгі батпақты аумақта күрделі іздестіру жұмыстары түнімен тоқтаусыз жүргізілді. Операцияның екінші тәулігінде қалың қамыс арасынан табылған қарияға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, қауіпсіз жерге эвакуацияланғаннан кейін ол ауруханаға жеткізілді.

"Күн қатты ыстық болғандықтан Байдала аумағындағы көлдерді көруге скутермен бардым, таңғы сағат 4-те шығып, 8-де ораламын деп ойладым. Сағат 6 шамасында шұңқырға түсіп кетіп, аяғымды қайырып алдым да, қалаға жету үшін Ертіске қарай бет алдым. Сол жерде мотоциклім өшіп қалып, небәрі 30 метр жердегі ағашқа да жете алмадым, сөйтіп екі күн және бір түн бойы паналайтын жер таба алмай, басымды шөпке тығып, сусыз әрі тамақсыз жаттым, мені бірінші болып тапқан аудандық полиция бөліміне алғыс айтамын", — деді Амангелді Нығманов.

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, бірлескен еңбектің арқасында ер адамның өмірін сақтап қалып, отбасына аман қайтаруға мүмкіндік туған.

"Жоғалған азаматты аман-есен тапқанымызға ерекше қуаныштымын. Ең бастысы – оның өмірін сақтап қалдық. Ер адам өте ауыр жағдайда болған. Кейін анықталғандай, ол сүрініп құлап, аяғын сындырып алғандықтан қозғала алмай, екі тәулік бойы тамақсыз, сусыз әрі жылусыз жатқан. Бірлескен еңбектің арқасында оны отбасына аман қайтаруға мүмкіндік туды", — деді Павлодар аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Олжас Тілеубергенов.

Айта кетейік, осы зейнеткерді іздеу барысында Байдалы ауылынан бірнеше шақырым жерде «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы апатты жағдайда қонған болатын. ТЖМ ресми өкілі Динара Нұрғалиеваның мәліметіне сүйенсек, бортта болған 13 адамның, яғни 5 экипаж мүшесі мен 8 жолаушының барлығы аман және ешкім зардап шекпеген.

Полиция азаматтарға жақындары белгіленген уақытта үйге оралмай, байланысқа шықпаған жағдайда әрбір минут маңызды болғандықтан, уақыт жоғалтпай бірден құқық қорғау органдарына хабарласуға кеңес береді.

Войдите, чтобы оставить комментарий