Павлодарда қазақ күресінен республикалық турнир өтті

18.05.2026 13:23 Әсел Мұрат
 Павлодарда қазақ күресінен республикалық турнир өтті
69
Фото: Қазақ күресі федерациясы

Павлодар қаласындағы «Баянтау» спорт сарайында Ұлы Отан соғысының ардагері, Баянауыл ауданының құрметті азаматы Рымтай Ізбастинді еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы қазақ күресінен республикалық турнир өтті, деп хабарлайды Politico.kz.

Биыл дәстүрлі жарыс оныншы рет ұйымдастырылды.

15-17 мамыр күндері Павлодар төріндегі боз кілемге Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 2009-2010 жылы туған 350-ге жуық жас балуан шықты.

Биылғы турнирдің басты ерекшелігі — жеңімпаздарға берілетін арнайы білім гранттары. Тоғыз салмақ дәрежесі бойынша топ жарған балуандарға Satbayev University, Toraighyrov University, Margulan University және Kozybayev University жоғары оқу орындарының гранттары табысталды.

Турнирге елге танымал спорт жұлдыздары да арнайы келді. Жас балуандарға қолдау көрсету үшін белгілі қазақстандық спортшылар — Шавкат Рахмонов, Садриддин Ахметов және Жәнібек Әлімханұлы Павлодарға ат басын бұрды.

Айта кетейік, Рымтай Ізбастинді еске алуға арналған бұл турнир Павлодар өңірінде дәстүрге айналған маңызды спорттық шаралардың бірі. Ол жас спортшыларға өз шеберлігін көрсетуге мүмкіндік беріп қана қоймай, елге еңбегі сіңген азаматтың есімін ұлықтауға бағытталған.

Рымтай Ізбастин 1923 жылдың 1 мамырында Баянауылда дүниеге келген. Соғыс жылдарында барлаушы-артиллерист қызметін атқарған. Жапонияға қарсы соғысқа 40-атқыштар дивизиясының 178-атқыштар полкі құрамында бөлімше командирі ретінде қатысқан. Соғыстан кейін ұзақ жылдар бойы білім беру және ауыл шаруашылығы салаларында еңбек етті.

Ол ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Құрмет белгісі» орденімен, сондай-ақ «Жапонияны жеңгені үшін», «Еңбек ерлігі үшін» және «Тың жерлерді игергені үшін» медальдарымен марапатталған.

Өткен жылы ардагерді еске алуға арналған турнирге еліміздің барлық өңірінен 200-ден астам жас балуан қатысқан болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий