Павлодарда жанып жатқан үйдің терезесінен секірген қыз көз жұмды
Өрт таңғы сағат 4-тер шамасында Павлодар қаласының Баян батыр көшесіндегі екінші қабатта орналасқан пәтерлердің бірінде болған, деп хабарлайды Politico.kz.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, жалпы ауданы 20 шаршы метр аумақта жиһаздар, үй заттары мен терезелер жалынға оранған. Тілсіз жау тек жарты сағаттан кейін ғана сөндірілген.
Өрт сөндірушілер жеткенге дейін жанып жатқан пәтерден 23 жастағы бойжеткен секіріп кеткен. Құтқарушылар үшінші қабаттан екі адамды, соның ішінде бір баланы сыртқа алып шыққан.
Дәрігерлердің мәліметінше, терезеден секірген 23 жастағы қыз ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Жүргізілген медициналық шараларға қарамастан зардап шегуші ауруханада көз жұмған.
«Оқиға орнында 2 жедел жәрдем бригадасы мен Апаттар медицинасы орталығының 1 бригадасы жұмыс істеді. Барлығы 6 адам зардап шекті. 2003 жылы туған бойжеткен ауыр жағдайда Павлодар қалалық № 3 ауруханасына, 1972 жылғы ер адам мен 1973 жылғы әйел адам Павлодар қалалық № 1 ауруханасына жеткізілді», — деп хабарлады Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясындағылар.
Өкінішке қарай, терезеден секірген қыздың өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.
«Зардап шегуші 12 маусым күні сағат 04:25–те Павлодар қалалық № 3 ауруханасына жеткізілді. Жүргізілген медициналық шараларға қарамастан, сағат 05:50–де биологиялық өлім тіркелді. Өлімнің нақты себебін анықтау үшін мәйіт сот-медициналық сараптамаға жіберілді», — деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Тағы үш адам — 8 жасар қыз, 18 жастағы бозбала мен 66 жастағы қария алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін ауруханаға жатудан бас тартқан.
Соңғы жаңалықтар