Павлодардағы көмір алыбын алдап соққандардың арам пиғылы әшкереленіп, құрыққа түсті
Павлодар облысында ірі өндіріс ошағын тақырға отырғызбақ болған пысықайлардың жолы кесілді. Мердігерлер «Богатырь көмір» серіктестігіне екі жыл бойы ескі бөлшектерді жаңа деп сатқан. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлайды, деп жазады Politico.kz.
Айта кетейік, аталған кәсіпорынның жарғылық капиталының тең жартысы «Самұрық-Қазына» қорына тиесілі.
Тергеу мәліметіне сүйенсек, бірнеше коммерциялық компания басшылары өзара сөз байласып, қитұрқы схема құрған. Олар әбден тозығы жеткен, қолданыста болған қосалқы бөлшектерді зауыттан жаңа шыққан өнім ретінде рәсімдеп келген.
Бұл арам ойларын жүзеге асыру үшін кәсіпорынның ішінен өз адамын тапқан. Тауар қабылдауға жауапты қызметкер сапасы сын көтермейтін, техникалық талаптарға сай келмейтін бөлшектерге көз жұмып қарап, оларды кедергісіз қабылдап отырған.
Осылайша, екі жыл бойы жалған сертификаттардың көмегімен реакторлар, цилиндр блоктары, автотіркемелер мен тежегіш жүйелерінің бөлшектері қоймаға жаңа деген атпен енгізілген.
Бұл әрекеттің кесірінен «Богатырь көмір» серіктестігіне 123 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келді. Күдіктілер жымқырылған қаржыны жалған келісімшарттар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырып, қалталарына басып отырған.
Тінту жұмыстары кезінде олардан 27 миллион теңге қолма-қол ақша табылды.
Ең қызығы, күдіктілер тапқан арам ақшаға сән-салтанатты өмір сүрген көрінеді. Сот санкциясымен олардың 6 қымбат көлігіне, соның ішінде «Cadillac Escalade», «Range Rover» және «Toyota Land Cruiser 250» сынды темір тұлпарларына бұғау салынды.
Қазіргі таңда үш күдікті қамауға алынып, темір торға тоғытылды. Тергеу амалдары жалғасуда.
Соңғы жаңалықтар