Перизат Қайраттың тағы бір көлігі сатылымға шықты
Мемлекеттік мүлік департаменті Перизат Қайратқа тиесілі болған тағы бір автокөлікті сатылымға шығарды, деп хабарлайды Politico.kz.
Алаяқтық ісі аясында тәркіленген көліктердің кезекті лоты сауда-саттыққа қойылып отыр
Астана қаласы бойынша Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті 2023 жылы шығарылған ақ түсті Mercedes-Benz EQE 500 4Matic автокөлігін сату туралы хабарландыру жариялады. Көліктің мемлекеттік нөмірі – 111 KPK 01.
Бағалаушылар көліктің құнын 26,2 млн теңге деп белгілеген. Алайда техникалық тексеру барысында автокөліктің бірқатар бөлігінде зақым бар екені анықталған. Атап айтқанда, сол жақ есік, артқы көрініс айнасы, жүргізуші жағындағы әйнек, қанат, бампер, табалдырық және сол жақ фара бүлінген.
Лот бойынша аукцион 2026 жылы 9 шілдеде сағат 10:00-де өтеді.
Сауда-саттыққа қатысу құқығы тек құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдарға, сондай-ақ Қазақстан Президентінің, саяси мемлекеттік қызметшілердің және Парламент депутаттарының қызметін қамтамасыз ететін мемлекеттік органдарға берілген.
Айта кетейік, 2024 жылдың қарашасында Қайрат 1,5 миллиард теңге жымқырды деген күдікпен ұсталды. Бұл қаражат су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде жиналғаны айтылды. Бірақ тергеу нұсқасы бойынша, қаражаттың бір бөлігі Қайраттың жеке шығындарына - элиталық жылжымайтын мүлік, автокөліктер мен саяхаттарға жұмсалған.
Қор қаражатын қолма-қол ақшаға айналдыру үшін Қайрат анасы Ғайни Алашбаева да сыбайлас еткен.
2025 жылдың наурызында оның Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қоры сот шешімімен жойылды.
Перизат Қайрат 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның анасы Гайни Алашбаева 7 жылға сотталды.
Соңғы жаңалықтар