Петропавлда Kizdar.net сайтына қатысты алғашқы үкім шықты
Петропавлда интимдік қызметтерді жарнамалайтын Kizdar.net сайтының жұмысына араласқан қылмыстық топ мүшелері сотталды. Бұл туралы СҚО прокуратурасы хабарлады, деп жазады Politico.kz.
Биыл 19 маусымда Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған соты сутенерлікпен айналысуға жағдай жасаған трансұлттық ұйымдастырылған топтың 6 мүшесіне жаза тағайындады. Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, бұл азаматтар жеңіл жүрісті қыздардың қызметін насихаттаумен тұрақты түрде айналысқан.
"Топтың заңсыз қызметі белгіленген тарифтер бойынша ақшалай сыйақы үшін интимдік қызмет көрсететін тұлғалардың сауалнамаларын ілгерілетуге негізделген", – делінген прокуратура хабарламасында.
Сот шешімімен барлық айыпталушы кінәлі деп танылды. Қылмыстық топтың жетекшісі 10 жылға бас бостандығынан айырылды, ал қалған бес қатысушының әрқайсысы 8 жылға сотталды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, шамамен бір ай бұрын Алматы қаласында дәл осы интернет-ресурс ұйымдастырушылары құрықталып, сайттың жұмысы тоқтатылған еді. Ол кезде күдіктілердің 2 млрд теңгеден астам заңсыз табыс тапқаны анықталды. Жалпы бұл платформа Қазақстан аумағында бұғатталғанына қарамастан, ұзақ уақыт бойы домендерін үнемі өзгерту арқылы жасырын жұмыс істеп келген.
Соңғы жаңалықтар