Пластикалық хирург: Қазір қыздар жұлдыздарға ұқсауға ұмтылмайды

13.08.2026 11:57 Томирис САҒЫНДЫҚ
Пластикалық хирург: Қазір қыздар жұлдыздарға ұқсауға ұмтылмайды
55

Қазақстанда пластикалық хирургияға сұраныс сипаты өзгеріп, сырт келбетті жасанды түрлендіруден гөрі табиғилық пен денсаулықты қалпына келтіру үрдісі алдыңғы орынға шықты. Маман Висал Мамедовтың айтуынша, соңғы жылдары пациенттердің жас ерекшелігі мен өтініш білдіру себептері де елеулі түрде трансформацияланған, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы дәрігер "Мамский әңгіме" подкастында айтты. 

Дәрігердің сөзінше, пластикалық операцияларға ер адамдар сирек жүгінеді, ал әйелдер арасындағы тренд соңғы жылдары түбегейлі жаңарған.

«Бізге ер азаматтар жиі жүгіне бермейді, сондықтан оларға көмектесуден көбіне бас тартамыз. Сондай-ақ, ер адамдар өзін толғандыратын мәселелерді дұрыс тамақтану мен спорттың көмегімен өз бетінше шеше алады. Ал әйелдерге тоқталсақ, осыдан 5-6 жыл бұрын үлкен, толық омырау сәнде болып, бізге негізінен жас қыздар жиі жүгінетін. Ал қазіргі үрдіс мүлдем бөлек: табиғилық пен саналы көзқарас алдыңғы орынға шықты. Содан болса керек, жас қыздар сырт келбетін өзгертуге бұрынғыдай ұмтыла бермейді», — деді Висал Мамедов.

Бүгінде эстетикалық медицина мамандарына өтініш білдіретіндердің басым бөлігін сұлулық үшін емес, босанғаннан кейінгі физиологиялық өзгерістерді түзеуге келетін әйелдер құрайды.

«Қазіргі таңда пациенттеріміздің басым бөлігі — 30-40 жас аралығындағы екі немесе үш баланың аналары. Олар жай ғана омырауын үлкейтуді көздемейді, өйткені оларда нақты физиологиялық мәселелер бар: босанғаннан кейін омыраудың салбырауы немесе асимметриясы, іш терісінің созылуы, диастаз бен грыжа сияқты жағдайлар жиі кездеседі. Қазіргі уақытта Қазақстандағы пациенттердің ең үлкен санаты — осы топ», — деді пластикалық хирург.

Сонымен қатар, хирург танымал тұлғаларға еліктеу үрдісінің бәсеңдеп, дербес даралықты сақтау сұранысының артқанын атап өтті.

«Осыдан бес жыл бұрын блогерлер мен киножұлдыздардың суреттерін алып келіп: «Осыған ұқсағым келеді» дейтіндер шынымен де көп болатын. Ал қазіргі таңда әркімнің өзіндік ерекшелігі мен даралығы жоғары бағаланады. Адамдар біреуге еліктеуді емес, өзінің ең үздік нұсқасына айналуды қалайды», — деді Висал Мамедов.

Войдите, чтобы оставить комментарий