Полиция есебінде тұрған ақтаулық отбасының екі айлық баласы ауруханада қайтыс болды
Ақтауда үнемі жанжал шығарып, ішімдік ішетін отбасының 2 айлық сәбиі ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Politico.kz порталы Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Ақтау қаласындағы емдеу мекемелерінің бірінде 4 сәуір күні 2 айлық нәресте қайтыс болып, полиция сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады. Желіде бұл оқиға туралы блогер Азамат Сәрсенбаев жазба жариялап, көршілердің қорғаншылық органдары мен прокуратураға бірнеше рет шағымданғанын жеткізді.
«Көршілердің айтуынша 1994 жылы туған жалғызбасты ана мен онымен бірге тұратын 2000 жылғы жігіт үнемі ішімдік ішіп, кіреберісте жанжал шығарған. Тұрғындар қорғаншылық органдарына соңғы рет 2025 жылдың қарашасында хабарласқанмен еш нәтиже болмаған», – деп жазды ол.
Маңғыстау облыстық полиция департаменті баланың денесін алғашқы қарау кезінде зорлық-зомбылық белгілері табылмағанын және оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатқанын хабарлады.
Бұл отбасы бұрыннан тәртіп сақшыларының бақылауында болған. Баланың әкесі бір жыл ішінде тыныштық бұзғаны үшін 4 рет әкімшілік жауапқа тартылып, қорғау нұсқамасын бұзғандықтан 10 тәулікке арнайы қабылдау орнына қамалған.
«Ол мінез-құлқына ерекше талаптар қойыла отырып профилактикалық есепке алынды және әкімшілік қадағалау орнату үшін материалдар сотқа 2 рет жолданды», – деп мәлімдеді департамент өкілдері.
Осыдан кейін 27 наурыз күні учаскелік полицей әкімдікке қосымша шара қолдану туралы ұсыныс жіберген екен. Құзырлы органдар тиісті тексеру жұмыстары толық аяқталған соң түпкілікті процессуалдық шешім қабылдайды.
Соңғы жаңалықтар