Президент экономиканы өркендетіп, Қазақстанның халықаралық беделін нығайтты

Президент экономиканы өркендетіп, Қазақстанның халықаралық беделін нығайтты
19.03.2025 15:00
0
234
gov.kz

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығындағы соңғы алты жыл еліміз үшін ауқымды өзгерістер кезеңі болды. Бұл жылдар ішінде Қазақстанда саяси реформалар жүзеге асып, әлеуметтік-экономикалық салаларда бірқатар маңызды бастамалар қолға алынды. Мемлекетті басқару жүйесі жаңғыртылып, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жаңа стратегиялар енгізілді.

Саяси реформа аясында суперпрезиденттік басқару жүйесінен бас тарту, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті орнату, азаматтық қоғамның рөлін күшейту бағытында нақты қадамдар жасалды. Әлеуметтік салада халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында зейнетақы жүйесін жаңғырту, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Сонымен қатар, Қазақстанның сыртқы саясаттағы беделі артып, еліміз халықаралық аренада сенімді серіктес ретінде мойындалды.

Осы өзгерістер мен реформалардың мәні қандай, олардың нәтижесі қаншалықты тиімді болды, әрі алдағы уақытта қандай бағыттар басымдыққа ие болмақ деген сауалдарға жауап алу үшін саясаттанушы Қазбек Майгельдинов мырзамен сұхбаттасқан едік.

 Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік қызметінің алты жылдық кезеңін жалпы қалай бағалайсыз?

– Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік қызметі Қазақстан тарихындағы бетбұрысты кезеңдердің бірі болды. Ол билікке келгеннен бастап елді жаңғырту мен реформалауға бағытталған шешімдерді қолға алды. Мемлекеттің саяси жүйесі жаңартылып, экономика әртараптандырылып, әлеуметтік әділеттілік орнатуға басымдық берілді. Ең бастысы – халықтың билікке деген сенімін арттыруға, қоғаммен ашық диалог орнатуға мән берді.

Президент өз қызметінде күрделі сынақтарға тап болды. COVID-19 пандемиясы, Қаңтар оқиғасы, әлемдік экономикалық дағдарыстар мен геосаяси тұрақсыздық жағдайында елдің тұрақтылығын сақтай білді. Ол өз бағытын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатымен байланыстырды. Бұл – биліктің халықпен тығыз байланыста болып, қоғам талабына сәйкес шешім қабылдауы деген сөз.

Бүгінде Қазақстанда әділетті қоғам құруға бағытталған реформалар қарқынды жүргізіліп жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаевтың басқару үлгісі елдің тұрақты дамуына, халықаралық беделінің артуына, азаматтардың әл-ауқатының жақсаруына ықпал етуде.

 Оның осы жылдардағы басты жетістіктері мен ең үлкен сынға ұшыраған шешімдері қандай болды?

– Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты жетістіктерінің бірі – елдегі саяси реформаларды жүзеге асыруы. Президенттік мерзімді 7 жылмен шектеу, суперпрезиденттік басқару жүйесінен бас тарту, парламенттің рөлін күшейту секілді қадамдар елдегі саяси мәдениетті жаңғыртты. Сонымен қатар, партияларды тіркеу талаптарын жеңілдету арқылы көппартиялы жүйенің дамуына жол ашылды.

Экономикалық салада Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру, мемлекеттік активтерді жекешелендіру, шағын және орта бизнесті қолдау бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды.

Президенттің бастамасымен 2020 жылы Әлеуметтік кодекс әзірленіп, бүгінде ол толық іске асырылды. Бұл құжат Қазақстандағы барлық әлеуметтік заңдарды бір жүйеге келтіріп, халыққа көрсетілетін көмекті нақтылау және әлеуметтік саясаттың тиімділігін арттыру мақсатында жасалды. Кодекстің аясында әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар жүйеленіп, бұрын шашыраңқы болған 17-ден астам заң бір құжатқа біріктірілді. Бұл әлеуметтік қолдаудың әділетті әрі тұрақты болуын қамтамасыз етті. Сонымен қатар, азаматтардың өз құқықтарын оңай түсініп, мемлекеттен қандай көмек алатынын білуі үшін ақпараттық жүйе жеңілдетілді.

Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, Қазақстандағы кедейлік шегі қайта қаралып, әлеуметтік көмек көрсету тетіктері жетілдірілді. Дағдарысқа төзімді әлеуметтік саясат жасалып, пандемия мен экономикалық қиындықтардан кейін халықты қорғаудың жаңа жүйелері енгізілді. Әлеуметтік кодекстің маңызды бастамаларының бірі – «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылып, әр балаға Ұлттық қордан қаржы аудару жүйесі бекітілді.

Бұл реформалар халыққа көрсетілетін әлеуметтік көмекті әділетті, тұрақты және ашық етуге бағытталды. Зейнетақы, жәрдемақы және медициналық сақтандыру жүйесі жетілдіріліп, әлеуметтік саясаттың ұзақ мерзімді тұрақтылығы қамтамасыз етілді. Әлеуметтік теңсіздікті азайтып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік берді. Әлеуметтік кодекстің қабылдануы Тоқаевтың әлеуметтік реформаларының басты жетістіктерінің бірі болып, Қазақстандағы әлеуметтік жүйені жаңа деңгейге көтеріп, халықтың мемлекетке деген сенімін нығайта түсті.

Дегенмен бұл жылдарда қиындықтар да кездесті. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы елдегі қауіпсіздік мәселелеріне қатысты сұрақтар туындатты. Мемлекет бұл сынақтан сабақ алып, құқық қорғау жүйесін реформалап, әділдік пен заң үстемдігін нығайтуға бағытталған шараларды қолға алды.

Экономикалық салада да сынға ұшыраған тұстар болды. Инфляция деңгейінің артуы, азық-түлік бағасының өсуі, теңге бағамының тұрақсыздығы халықтың өміріне әсер етті. Дегенмен, мемлекет әлеуметтік төлемдерді арттыру, кәсіпкерлерге қолдау көрсету арқылы бұл мәселелерді шешуге тырысып жатыр.

 Тоқаев билікке келгеннен кейін ілгеріде өзіңіз айтып кеткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынды. Бұл ұстаным іс жүзінде қалай жүзеге асты?

– «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жергілікті басқару жүйесі біртіндеп жаңғыртылуда. Соның ішінде ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәжірибесі енгізіліп, республикалық деңгейдегі қала және аудан әкімдері пилоттық режимде сайлана бастады. Бұл қадам халықтың жергілікті билікке ықпалын күшейтіп, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған.

Алдағы уақытта облыс әкімдерін тікелей сайлау мәселесі де күн тәртібіне шығуы мүмкін. Егер бұл реформа жүзеге асса, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі нығайып, халық өз аймағының басшыларын таңдауға тікелей қатыса алатын болады. Бұл ашықтық пен есептілікті арттырып, әкімдердің халық алдындағы жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, мемлекеттік органдардың халықпен кері байланысын нығайту үшін Ашық Үкімет платформасы енгізіліп, онлайн қабылдаулар, қоғамдық тыңдаулар жиі өткізіле бастады.

 Қазақстанда саяси реформа бағытында қандай нақты өзгерістер болды? Олар елдің демократиялануына қалай әсер етті?

– Саяси реформалар аясында енгізілген өзгерістердің бірі – президенттік мерзімді шектеу болды. Бұл қадам биліктің ұзақ мерзімге шоғырлануын болдырмауға және саяси жүйенің тұрақты жаңғыруына ықпал етеді. Сонымен қатар, сайлау жүйесіне өзгерістер енгізілді, бұл тек депутаттарды сайлауға мүмкіндік беру ғана емес, мажоритарлық жүйенің енгізілуі арқылы жаңа саяси күштердің құрылуына жол ашу деген сөз. Бұл өзгеріс елдегі саяси плюрализмді дамытуға, жаңа партиялардың құрылып, саяси шешім қабылдау орталықтарына ықпал етуіне мүмкіндік береді.

Орталықсыздандыру саясатының жалғасуы – маңызды реформалардың бірі. Оның басты мақсаты – жергілікті деңгейдегі жауапкершілікті арттыру, сондай-ақ халықтың мемлекетті басқару процесіне қатысуын кеңейту. Бір мандатты округтер арқылы депутаттар сайлау – осы бағыттағы маңызды қадам. Бұл өзгерістер болашақта халықтың өздері сайлаған әкімдер мен жергілікті билік өкілдерінің жұмыс сапасына тікелей әсер етуіне мүмкіндік береді.

 Қазақстанның жаһандық саяси аренадағы беделі қалай нығайды?

– Соңғы алты жылда Қазақстанның халықаралық беделі айтарлықтай нығайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сыртқы саясаттағы тәжірибесіне сүйене отырып, еліміздің көпвекторлы саясатын одан әрі жетілдірді. Бұл бағыт Қазақстанның стратегиялық серіктестері арасындағы теңгерімді сақтауға, сондай-ақ жаһандық және өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Қазақстан сыртқы саясатта бейтарап әрі прагматикалық ұстанымды сақтауға тырысты. Бұл біздің халықаралық аренадағы беделімізге оң әсерін тигізіп, еліміздің әртүрлі мемлекеттермен және ұйымдармен серіктестігін нығайта түсті. Қазақстан соңғы жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ), Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) секілді ұйымдарда белсенді қызмет атқарды.

Президент Тоқаевтың БҰҰ-дағы көпжақты дипломатиядағы тәжірибесі еліміздің дипломатиялық ықпалын арттыруға септігін тигізді. Ол кезінде БҰҰ Бас хатшысының орынбасары болғандықтан, халықаралық ұйымдармен жұмыс істеудің қыр-сырын жақсы біледі. Осы тәжірибесі Қазақстанның дипломатиялық бастамаларын күшейтіп, елімізді әлемдік аренада беделді ойыншыға айналдыруға мүмкіндік берді.

Өңірлік саясат тұрғысынан алғанда, Қазақстан Орталық Азиядағы тұрақтылықтың кепілі ретінде өз орнын нығайта түсті. Соңғы төрт-бес жылда Орталық Азия мемлекет басшыларының консультативтік кездесулерін тұрақты өткізу, су ресурстарын бірлесіп басқару, көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту сияқты маңызды қадамдар жасалды. Бұл бастамалардың нәтижесінде өңірлік интеграция жаңа деңгейге көтерілді.

Қазақстанның маңызды стратегиялық жобаларының бірі – Транскаспий халықаралық көлік дәлізі (Орта дәліз). Бұл жоба Қазақстанды Еуропа мен Азия арасындағы ірі транзиттік хабқа айналдыруды көздейді. Тоқаевтың бастамасымен бұл бағыт қарқынды дамып, еліміздің көлік-логистика саласындағы рөлі арта түсті.

Қазақстан сыртқы саясатта Ресей және Қытаймен теңгерімді қарым-қатынасты сақтауға басымдық берді. Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс кезінде еліміз дипломатиялық бейтараптық ұстанды. Қазақстан Батыс пен Ресей арасындағы күрделі геосаяси жағдайда өзіндік дипломатиялық жолын қалыптастырып, санкцияларды айналып өтетін аймаққа айналмау үшін нақты қадамдар жасады. Дегенмен, Ресеймен экономикалық әріптестікті толық үзіп тастамау арқылы баланс сақтаудың күрделі дипломатиялық шеберлігін көрсетті.

Қытаймен қарым-қатынас та нығая түсті. Қазақстан "Бір белдеу – бір жол" бастамасы аясында Қытаймен тығыз серіктестігін жалғастырып, елдің экономикалық серіктесі ретінде маңызын арттырды. Бүгінде Қазақстан Қытай үшін тек транзиттік дәліз ғана емес, маңызды экономикалық серіктеске айналып отыр. Қытай мен Қазақстан басшылары екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеріп, ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуды көздеп отыр.

Қазақстанның сыртқы саясатындағы тағы бір маңызды бағыты – Түркия және Ислам әлемімен серіктестікті нығайту. Түркиямен саяси және экономикалық ынтымақтастық артып, Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымындағы ықпалын күшейтті. Сонымен қатар, Қазақстан Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Катар сияқты елдермен қарым-қатынасын жандандырып, инвестициялық жобалар санын арттырды. Президенттің Катарға ресми сапары барысында бірқатар маңызды экономикалық келісімдер жасалды. Бұл Қазақстанның ислам әлеміндегі беделінің артқанын көрсетеді.

Еуропа және АҚШ-пен серіктестік те жаңа деңгейге көтерілді. Қазақстан Еуроодақпен энергетикалық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығын күшейтіп, уран, мұнай және сирек кездесетін металдарды Еуропа нарығына жеткізуде маңызды рөл атқаруда. 2022 жылы Франция президенті Эммануэль Макронның Қазақстанға ресми сапары екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтерді.

АҚШ-пен қарым-қатынас негізінен инвестиция тарту және технологиялық серіктестік бағытында дамып келеді. Бүгінде Қазақстан АҚШ-тың Орталық Азиядағы басты экономикалық серіктестерінің бірі болып саналады.

Осылайша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан геосаяси қақтығыстардан аулақ болып, сыртқы саясаттағы беделін нығайтып, халықаралық аренада сенімді, бейбітшіл және тұрақтылықты сақтайтын мемлекет ретінде мойындалды.

 Ілгеріде әлеуметтік кодекске ерекше тоқталып кеттіңіз. Президенттің әлеуметтік саладағы бастамалары өз нәтижесін бере алды ма?

– Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік реформалары халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталып, саяси және экономикалық өзгерістермен қатар жүрді. Әрине, бұл реформалардың тиімділігі мен жүзеге асырылуы әртүрлі деңгейде болды, өйткені оларды іске асыру нақты механизмдер мен аймақтық ерекшеліктерге тікелей байланысты.

Зейнетақы реформасы халыққа жаңа мүмкіндіктер ұсынды. Президенттің бастамасымен зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алу, медициналық қажеттіліктер және білім алу үшін пайдалану құқығы енгізілді. Бұл қадам қазақстандықтардың қаржылық мүмкіндіктерін кеңейтіп, олардың өмір сапасын жақсартуға ықпал етті. Мысалы, көптеген азаматтар, соның ішінде спикердің өзі, осы мүмкіндікті пайдаланып, тұрғын үй мәселесін шешті. Бұл жаңашыл әрі прогрессивті қадам ретінде бағаланады.

Сонымен қатар, әйелдердің зейнетке шығу жасы 61 жаста тұрақтандырылды. Бұрын зейнет жасының біртіндеп көтерілуі жоспарланған еді, бірақ халықтың сұранысы ескеріліп, уақытша болса да бұл шешім қабылданды. Бұл қоғамның пікіріне құлақ асудың және әлеуметтік әділеттілік орнатудың белгісі болды.

Дегенмен, зейнетақы реформасының кейбір қиындықтары да бар. Жинақтағы қаражатты пайдалануға рұқсат беру жылжымайтын мүлік бағасының күрт өсуіне әкелді. Сондай-ақ, жалақысы төмен азаматтардың жинақтарының жеткіліксіз болуы салдарынан бұл мүмкіндікті бәрі бірдей пайдалана алмады. Осыған байланысты, болашақта Үкімет зейнетақы жүйесін жетілдіру және оны халықтың барлық топтарына қолжетімді ету бойынша қосымша қадамдар жасауы тиіс.

Білім беру саласында оң өзгерістер байқалады. "Жайлы мектеп" ұлттық бағдарламасы іске қосылып, 2025 жылға дейін 800 мың оқушыға арналған жаңа мектептер салу жоспарланған. Сонымен қатар, гранттардың саны артты, жоғарғы оқу орындарына түсу мүмкіндіктері кеңейді, ал мұғалімдердің жалақысы екі есеге өсті. Сонымен қатар, педагогтардың мәртебесін арттыру мақсатында арнайы заң қабылданды, бұл олардың әлеуметтік қорғалуын күшейтті.

Алайда, білім беру жүйесінде шешуді қажет ететін мәселелер де бар. Аймақтық теңсіздік – басты проблемалардың бірі. Қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім сапасындағы айырмашылық әлі де сақталуда. Сондай-ақ, қазақстандық университеттердің халықаралық рейтингтегі орны айтарлықтай жоғары емес. Бұл бағытта жұмыс жалғасуы керек.

Медицина саласында реформалар халыққа медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталды. Ауылдық жерлерге дәрігерлер тарту үшін қосымша жеңілдіктер жасалып, шалғай аймақтарда фельдшерлік-акушерлік пункттер ашылуда. Бұл халықтың сапалы медициналық көмек алуына оң ықпал етеді.

Сонымен бірге, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне (МӘМС) қатысты сындар да бар. Халықтың бір бөлігі бұл жүйенің тиімділігіне күмәнмен қарайды, ал кейбір өңірлерде медициналық қызмет көрсету сапасы әлі де төмен деңгейде қалып отыр. Осыған байланысты, Үкімет бұл мәселелерді қатаң бақылауға алып, жүйенің тиімділігін арттыру үшін қосымша шаралар қабылдауы қажет.

Ұлттық қорды халық игілігіне бағыттау Тоқаевтың ең маңызды бастамаларының бірі болды. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы арқылы әрбір қазақстандық баланың болашағы үшін қаражат жиналып, 18 жасқа толғанда олардың жоғары білім алуы немесе баспана сатып алуына көмектесу көзделген. Бұл ұзақ мерзімді әлеуметтік қолдаудың тиімді үлгісі болмақ. Бұл – отыз жылда болмаған жоба екенін ерекше атап өткім келеді.

Қорытындылай келе, Президенттің әлеуметтік бастамалары халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған және олардың көпшілігі өз нәтижесін бере бастады. Дегенмен, кейбір мәселелер толық шешімін тапқан жоқ, сондықтан алдағы уақытта бұл реформаларды жетілдіру жұмыстары жалғасуы тиіс.

 Еліміздің болашақтағы даму перспективалары қандай?

– Қасым-Жомарт Тоқаев басшылық еткен жылдары Қазақстан үлкен өзгерістерді бастан өткерді. Алдағы уақытта экономикалық әртараптандыру, инновация мен технологияға басымдық беру, жасыл экономикаға көшу, ауыл шаруашылығын дамыту, азаматтық қоғамды нығайту сияқты маңызды бағыттар бойынша реформалар жалғасады.

Сыртқы саясатта Қазақстан көпвекторлы бағытты ұстанып, халықаралық аренада өз позициясын нығайта бермек. Елдің халықаралық ұйымдардағы рөлі күшейіп, аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықтың кепілі ретінде беделі артады.

Президенттің бастамалары елдің алдағы бес жылда экономикалық қуатты, әлеуметтік әділетті, саяси тұрақты мемлекетке айналуына бағытталған. Осылайша, Тоқаевтың реформалары Қазақстанды жаңа деңгейге көтеріп, ұзақ мерзімді даму траекториясын айқындайды.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий