Прокурор Санжар Боқаевқа қандай жаза сұрады?

Прокурор Санжар Боқаевқа қандай жаза сұрады?
Фото: Forbes Kazakhstan

Қоғам белсендісі Санжар Боқаевқа қатысты сот процесінде мемлекеттік айыптаушы оны 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды Politico.kz. 

26 қарашада сотта тараптардың жарыссөзі басталды. Прокурор Санжар Боқаевты қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 12 жыл жазасын өтеуге жіберуді сұраған. Ал оның жиені Мадияр Қалменовке жеті жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, ал видеограф Ұлан Нүсіпқожыға екі жарым жылға бас бостандығын шектеуді ұсынған.

Санжар Боқаевқа қандай айып тағылды?

Қоғам белсендісіне Қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша айып тағылған. Олардың қатарында алаяқтық, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру, ұрлық, көрінеу жалған ақпарат тарату және ағаштарды заңсыз кесу деректері бар.

Тергеу нұсқасы бойынша, Санжар Боқаев пен оның жиені автокеруен ұйымдастыруға жұмсалған шығынды қолдан өсіріп көрсетіп, кәсіподақ қаражатынан 42 миллион теңгеден астам ақшаны иемденген.

Бұдан бөлек, прокуратураның мәліметінше, Боқаев видеограф Ұлан Нүсіпқожымен бірге Үлкен Алматы өзені жағалауынан гранит тақталарды алып шығуды және Баум тоғайындағы ағаштарды кесуді ұйымдастырған. Тергеу нұсқасы бойынша, бұл әрекеттер кейін әшкерелеу сипатындағы бейнероликтер түсіру үшін жасалған.

Ұлан Нүсіпқожы гранит тақталарға қатысты эпизод бойынша кінәсін ішінара мойындап, Боқаевқа қарсы жауап берген.

Санжар Боқаев наурыз айынан бері қамауда отыр. Оған қатысты сот процесі 16 қазанда басталған. Осы уақыт ішінде қорғау тарапы судьяны іске қатысудан шеттету туралы бірнеше рет өтініш білдіргенімен, сот бұл өтініштерді қанағаттандырмаған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу