Путин Қазақстан–Ресей шекарасындағы ұзын-сонар кезектің себебін түсіндірді
Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан мен Ресей шекарасындағы жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегіне қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, бұл тоқырау - заңсыз импортпен күрестің тікелей нәтижесі, деп хабарлайды Politico.kz.
Қырғызстанға жасаған сапарынан кейін журналистердің сұрағына жауап берген Ресей басшысы шекарадағы жағдайды баяндады. Белгілі болғандай, кедендік тексерістің күшеюі тікелей Путиннің жеке тапсырмасы. Еуразиялық одақ аясында тауар айналымы еркін болғанымен, бұл ережесіздік деген сөз емес.
Мәселенің төркіні мынада: тексеріс барысында шекарадан өтіп жатқан фуралардың басым бөлігінде ешқандай ілеспе құжат жоқ екені анықталған. Жүк көлігінде не бар екені, оның кімге бара жатқаны беймәлім.
«Жасыратыны жоқ, бұл менің тапсырмаммен басталған шара. Тексеріс кезінде тауарлардың қара нарық жолымен, яғни мүлде құжатсыз өтіп жатқаны белгілі болды. Кешіріңіздер, бірақ заңсыз импорт біздің аумаққа селдей ағылып жатыр. Соның кесірінен Ресей бюджеті миллиардтаған, тіпті ондаған миллиард рубль салықтан қағылуда», — деді Владимир Путин.
Президенттің сөзінше, жүк көліктерінің ішінде не жоқ дейсіз? Қарапайым шегеден бастап, қымбат теледидар мен гауһар тасқа дейін тасымалданады. Алайда жүргізушілер мен кәсіпкерлер салықтан жалтару үшін оларды құжат жүзінде құны бес тиындық бәтеңке бауы деп көрсетуге тырысады немесе мүлде көрсетпейді.
Бұл түйткілді мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен де талқыланған. Екі ел көшбасшылары ортақ мәмілеге келіп отыр. Қазіргі жиналып қалған кептелісті сейілту үшін Ресей тарапы уақытша жеңілдік жасамақ. Яғни, кептелісте тұрған мыңдаған фураны жасыл дәліз режимінде, тауардың құнын төмендетіп көрсетсе де, ең құрығанда шамалы салық төлетіп, өткізіп жіберуге келіскен.
Ескерту: Алайда бұл жылымық ұзаққа созылмайды. Владимир Путин келесі жылдан бастап талаптың күшейетінін қатаң ескертті. Егер 2026 жылдан бастап жүк көліктерінде тиісті құжаттар болмаса, кеденшілер оларды кері қайтармайды, бірден тәркілеу шарасын қолдануы мүмкін.
Болжам бойынша, қазіргі кезек жыл соңына дейін толық тарқауы тиіс.
Оқи отырыңыз: Беларусь басшысы Александр Лукашенко Бішкекке жасаған сапары барысында Қырғызстанның экс-президенті Құрманбек Бәкиевтің қазіргі жай-күйі туралы сөз қозғап, оны отанына қайтару мәселесіне қатысты айтты.
Соңғы жаңалықтар