Путиннің резиденциясына жасалған дрон шабуылы: Мәскеу мен Киев өзара айыптасуда
Мәскеу мен Киев Путиннің резиденциясына жасалған соққыға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Politico.kz
Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавров РФ президенті Владимир Путиннің Новгород облысындағы резиденциясына жаппай әуе шабуылы жасалғанын хабарлады. Дипломаттың сөзінше оқиға 28-нен 29 желтоқсанға қараған түні орын алған.
Ресейлік тараптың мәліметіне сүйенсек Украина қарулы күштері алыс қашықтыққа ұшатын 91 бірдей ұшқышсыз ұшу аппаратын қолданған. Қорғаныс министрлігі дрондардың үш түрлі аймақтан, нақтырақ айтқанда 49, 41 және 1 данадан топтасып ұшырылғанын нақтылады. Ресми ақпаратта әуе қорғаныс күштерінің барлық нысандарды жойғаны, салдарынан зардап шеккендер мен қираған ғимараттардың жоқ екені айтылған.
«Бұл әрекеттің Ресей мен АҚШ арасында Украина қақтығысын реттеу жөніндегі қарқынды келіссөздер жүріп жатқан кезде жасалғанына назар аударамыз.
Мұндай бассыз әрекеттер жауапсыз қалмайды. Ресей Қарулы күштері жауап соққы берілетін нысандар мен оларға соққы жасау уақытын анықтап қойды.
Бұл ретте біз АҚШ-пен келіссөздер процесінен шығуға ниетті емеспіз. Сонымен бірге, Киевтің түбегейлі өзгергенін ескере отырып, Ресейдің келіссөздердегі ұстанымы қайта қаралатын болады», — деп хабарлады Лавров.
Өз кезегінде Украина президенті Владимир Зеленский бұл айыптауларды жоққа шығарды.
«Жаңа ғана Ресей тарапынан өте қауіпті мәлімдемелер жасалды. Бұл мәлімдемелер біздің Президент Трамптың командасымен атқарған бірлескен жұмысымыздың барлық жетістіктерін жоққа шығаруға бағытталғаны анық. Біз бейбітшілікті жақындату үшін бірге жұмыс істеп жатырмыз.
Қазір ресейліктер Ресей басшысының қандай да бір резиденциясына жасалған делінген соққы туралы көпе-көрнеу жалған оқиға ойлап тапты. Бұл оларға Украинаға, атап айтқанда Киевке соққы беруді жалғастыру үшін, сондай-ақ соғысты аяқтауға қажетті қадамдардан бас тарту үшін сылтау ретінде керек. Бұл – ресейліктердің үйреншікті өтірік тактикасы. Оның үстіне, олар бұған дейін де Киевке, соның ішінде Украина Министрлер Кабинетінің ғимаратына соққы жасаған болатын.
Украина дипломатияны әлсірететін қадамдарға бармайды. Ал Ресей мұндай қадамдарды үнемі жасайды. Бұл – біздің арамыздағы көп айырмашылықтың бірі.
Қазір әлемнің үнсіз қалмауы және ресейліктердің бейбітшілік орнату процесін бұзуына жол бермеу өте маңызды», — деп жауап берді Зеленский.
Аталған оқиғадан АҚШ президенті Дональд Трамп та хабардар болған. Ақ үй басшысы бұл жаңалықты тікелей Владимир Путиннен естігенін айтып, жағдайға алаңдаушылық білдірді.
«Бұл маған ұнамайды. Бұл – жаман нәрсе. Қазіргі кезең өте нәзік. Қазір мұның уақыты емес. Олар онсыз да агрессивті болғандықтан, жай ғана агрессия таныту – бір басқа. Ал біреудің үйіне шабуыл жасау – мүлдем басқа мәселе. Дәл қазір мұндай істердің уақыты емес», – деді Трамп журналистерге.
Мұндай шабуылдың болғанына қандай да бір дәлелдер бар ма деген сұраққа Трамп:
«Біз мұны анықтаймыз», – деп жауап қатты.
Айта кетейік, нысанаға алынған кешен Новгород облысында, Валдай қаласынан шамамен 20 шақырым жерде орналасқан. Ресми атауы «Ужин» болғанымен, халық арасында «Валдай» немесе «Долгие Бороды» деп аталып кеткен резиденция кеңес заманында салынған. Кезінде Борис Ельцин демалатын бұл орынға 2000 жылдардан бері Владимир Путин жиі келетіні белгілі.
Соңғы жаңалықтар