Қадыровтың жақтасы болған мердігер елден қашып, әкімдерді нашақор деп айыптады
Қазақстаннан қашып кеткен Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың жақтасы Сұлтан Ичиев қазақстандық әкімдерді нашақор деп айыптады. Бұл туралы Hronika.kz жазады. Ол Ақсу қаласындағы құрылысқа бөлінген жүздеген миллион теңгені алып кеткен. Ал оған ақша аударған жергілікті шенеунік 8 жылға сотталды.
14 тамызда Ақсу қаласының ауданаралық соты құрылыс бөлімінің басшысы Рахат Бекбергеновке үкім шығарды. Ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Шенеунік 2023 жылдың 25 желтоқсанында қылмысқа барған. Жыл соңында бюджет қаражатын игермегені үшін ұрыс естімес үшін ол жалған есеп жасаған. Ол әкімдікке жағу мақсатында аяқталмаған нысанға 451 642 433,48 теңге аударған. Бұл ақша Ичиевке тиесілі «Портал-ПВ» ЖШС эскроу-шотына түскен. Жоспар бойынша шенеуніктер үйді салынды деп көрсетіп, мердігер құрылысты ақырын жалғастыруы керек болған.
Сұлтан Ичиев бұған дейін билікке жақын мердігер болған. Ол «Нұр Отан» партиясының мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар қанатының өкілі және «Ахмат» клубын құрушы ретінде танымал. Оның туған күндері жергілікті Достық үйінде тойланып келген.
Ол металлургтер мен энергетиктер қаласы саналатын Ақсудағы Дөнентаев көшесі, 44 мекенжайында көпқабатты үй салып жатқан. Мемлекеттік сатып алу шарты бойынша 2022 жылы бұл жобаға 1 158 416 955,36 теңге бөлу жоспарланған. Нысан 2023 жылы тапсырылуы тиіс еді. Бірақ құрылыс орнынан жылжымаған. Ақсу қалалық құрылыс бөлімінің басшылары мердігермен тағы 9 қосымша келісімге қол қойған. Олар құрылыс мерзімін үнемі ұзартып отырған. Құрылыс материалдары қымбаттаған соң, Ичиев жоба құнын тағы 600 млн теңгеге арттыруды талап еткен.
Бекбергенов соттағы соңғы сөзінде бұл жағдайды түсіндірді.
«Ичиев қосымша ақша алуы керек еді, бірақ су тасқыны басталды, мұндай ауқымды тасқын шамамен 80 жыл бұрын болған, ал бюджетте құрылыс шығындарына жоспарланған қаражат су тасқынының салдарын жоюға бағытталды», – деді Рахат Бекбергенов.
Ол Сұлтан Ичиевтің құрылыс саласынан алыс адам екенін атап өтті.
«Сұлтан Ичиевтің өзі құрылыс саласынан алыс, ол көбінесе спортшы және құрылысты түсінбейді... Оның қарыздарының себебі қала мен облыс әкімдігінің, сондай-ақ құқық қорғау органдарының әрекетсіздігі болды. Өйткені бұл ЖШС бір қарызды екіншісімен жауып, өз қызметін ешқандай жолмен жүзеге асыра алмады. Нысандар бойынша жүргізілген бірде-бір тексерістің бұл бұзушылықтарды көрмегені таңқаларлық», – деді бұрынғы шенеунік.
Қаржы болмағандықтан Ичиев эскроу-шоттан 429 млн теңгені шешіп алған. Ол бұл қаражатты Бекбергеновтің қолхаты негізінде алып, ізін суытқан. Қазір мердігер халықаралық іздеуде жүр.
Фото: qamqor.gov.kz
Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Павлодар әкімдерін, қаладағы танымал әйелдерді және олардың аналарын ғайбаттап жатыр. Парақша бұғатталмаған, керісінше оған жедел ақпараттарға қолжетімділігі бар адамдар компромат жіберіп отыр.
Қашқын Hronika.kz тілшілерінен көмек сұраған. Редакция одан шенеуніктердің алдағанын және пара талап еткенін растайтын құжаттар сұраған. Бұған жауап ретінде Ичиев өзінің парақшасында жаңа ғайбат сөздер жариялаған.
Соңғы жаңалықтар