«Қамшыбекті президент етіп, демалысқа кетемін»: Жапаров күтпеген жоспары туралы айтты
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 2027 жылы өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін президенттік сайлауға қайта қатыспай, орнына Қамшыбек Тәшиевтің келуін жоспарлаған. Оның айтуынша, бастапқы ойы бойынша Тәшиев мемлекет басшысы атанып, өзі саясаттан кетіп, отбасына уақыт бөлмек болған, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Жапаров журналист Әли Тоқтақұновқа берген сұхбатында айтты.
«Президенттікке Қамшыны дайындағым келді»
Жапаровтың сөзінше, ол 2027 жылдан кейін билікте қалуды көздемеген. Егер Тәшиев президент болуға дайын болса, оған өз орнын беріп, өзі демалысқа кетуді жоспарлаған.
«Алты жылдық президенттік мерзімім 2027 жылы аяқталған соң, Қамшы дайын болса, сайлауға қайта түспеймін деп ойладым. Ол президент болып, мен демалысқа кетер едім. Бұл жоспарымды оған бір жыл бұрын айтқанмын», – деді Жапаров.
Президент бұл шешіміне жеке өміріндегі жағдайлар да әсер еткенін жеткізді. Ол ұзақ жылдар бойы елден тыс жерде және түрмеде болғанын, ал президенттік қызметінде үнемі қауіпсіздік шаралары мен жауапкершіліктің ортасында жүргенін айтты.
Жапаров отбасына көбірек уақыт бөлгісі келгенін атап өтті. Оның айтуынша, осы мақсатпен Тәшиевке алдын ала дайындалуға кеңес берген.
«Оған дайын болуын, айналасындағы ортаны реттеп, өз адамдарын тәрбиелеу қажеттігін айттым», – деді Қырғызстан президенті.
Тәшиевке қатысты көзқарасы өзгерген
Алайда кейін Жапаров Тәшиевтің президенттік қызметті атқаруға әзір емес деген тұжырымға келген.
Президенттің айтуынша, оған Тәшиевтің маңындағы адамдардың әрекеті және елдегі қоғамдық-саяси ахуал әсер еткен. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметкерлердің өзін ұстауы мен қоғамда белгілі бір топтарға бөліну байқала бастаған.
Жапаров 75 ақсақалдың хаты жарияланып, парламенттегі депутаттарды Тәшиевті қолдайтындар және оған қарсы адамдар ретінде жіктеу әрекеті жасалғанын атап өтті. Осыдан кейін ол Тәшиевпен сөйлесіп, қызметтен босату туралы шешімін жеткізген.
«Бұлай болмайды. Халықты бөлуге жол бермеу керек. Мен елді солтүстік пен оңтүстікке бөлетіндерге қатаң шара қолданамын. Өйткені Қырғызстан енді ғана біртұтас бола бастады», – деді Жапаров.
Ол Тәшиевке қызметтен босатылатынын айтқанымен, болашақта президенттік сайлауға қатысуына кедергі келтірмейтінін де жеткізген.
«Ренжіме, сені қызметтен босатамын дедім. Егер сайлауға түссең, оған барлық жағдайды жасап беремін», – деді президент.
Осылайша, Садыр Жапаров бастапқыда Қамшыбек Тәшиевті өзінің саяси мұрагері ретінде қарастырған. Алайда кейін оның айналасындағы ахуал мен қоғамда байқалған саяси жіктелу бұл жоспардың өзгеруіне себеп болған.
Соңғы жаңалықтар