Қаңтарда оқиғасында адам ұрлады деген ресейлік Грузияда ұсталып, елге әкелінді
Қаңтар оқиғасында кісі ұрлап, ойран салды деген күдікпен Ресей азаматы Грузиядан елге қайтарылды, деп хабарлайды Politico.kz порталы ҚР Бас прокуратурасына сілтеме жасап.
Бас прокуратура мен Интерполдың Ұлттық орталық бюросының қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен шетелде бой тасалаған қылмыскерді елге жеткізді. Күдікті 2022 жылғы қаңтар оқиғасына қатысы бар деген негізбен халықаралық іздеуде жүрген.
Тергеу мәліметінше Ресей азаматы Алматыда жаппай тәртіпсіздіктерге, азаматтарды ұрлауға, олардың мүлкін күштеп тартып алуға белсенді қатысты деген күдікке ілініп отыр.
Қаскүнем үш жылдан астам уақыт бойы әділдіктен қашып түрлі айла-шарғымен жасырынып келген. Алайда құқық қорғау органдары оның ізіне түсіп ағымдағы жылдың қыркүйек айында Грузия аумағында қолға түсірді. Қазақстандық тараптың сұрауы қанағаттандырылып ол бүгін этаппен елге жеткізілді.
Қазіргі таңда ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды. Егер сотта оның ауыр қылмыстарды жасағаны дәлелденсе мүлкі тәркіленіп 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Соңғы жаңалықтар