Қарағанды облысында 20 жыл бұрын 70-тегі кейуананы зорлап өлтірген қылмыскер ұсталды

08.12.2025 09:24 Әсел Мұрат
Қарағанды облысында 20 жыл бұрын 70-тегі кейуананы зорлап өлтірген қылмыскер ұсталды
0
169
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда 70 жастағы әйелді қорлап, артынша өлтіру фактісі бойынша қылмыс 20 жылдан кейін ашылды, деп хабарлайды POLITICO.

Жедел-криминалистикалық департаменттің бастығы Сергей Стихеевтің айтуынша, ІІМ өткен жылдардағы қылмыстарды ашу жұмысын күшейткен. Айтуынша, заманауи технологиялар мен мұрағат материалдарын қайта қарау күдіктілердің ізіне тіпті бірнеше жыл өткен соң да түсуге көмектеседі. Стихеев осындай істердің бірін атап өтті.

Оқиға осыдан тура 20 жыл бұрын Қарағанды облысында болған еді. Дүкенге азық-түлік алуға шыққан 70 жастағы кейуана үйіне қайтып оралмады.

Қария қараусыз қалған атқораның жанынан өтіп бара жатқанда, белгісіз біреу тап берген. Қаскөй дәрменсіз әжейді аяусыз зорлап, артынша өлтіріп кеткен. Сол кезде оқиға орнынан қылмыскердің биологиялық ізі табылғанымен, кінәліні бірден ұстау мүмкін болмаған.

Стихеевтің айтуынша, ол кезде мұндай іздерді сәйкестендіруге қажетті техникалық мүмкіндік болмаған. Сондықтан бұл қылмыс көп жылдар бойы ашылмай келген.
«Биыл біз жұмыс жүйесін толық модернизацияладық. Ескі қылмыстар бойынша алынған айғақтарды қайта қарап, барлық криминалистикалық есептер мен ДНҚ базасы бойынша тексердік. Нәтижесінде күдікті анықталды. Ол қазір 55 жаста», – дейді Стихеев.

Ол қылмыскер қылмысын мойындағанын және қазір колонияда жазасын өтеп жатқанын айтты. Қосымша тергеу іс-шаралары жүргізілуде.

Сергей Стихеевтің айтуынша, қылмыс орнынан алынған айғақтар дұрыс сақталса, тіпті 20-30 жылдан кейін де сыр береді. Бұл үшін арнайы температура мен ылғалдылықты сақтайтын камералар қолданылады.

Айта кетейік, тек биылдың өзінде криминалистер 8 мыңнан астам қылмыстың бетін ашқан.
 

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий