Қарағанды облысында дала өртінен екі адам зардап шекті

17.08.2026 13:21 Әсел МҰРАТ
Қарағанды облысында дала өртінен екі адам зардап шекті
167
Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Қарағанды облысында табиғи өрттерге байланысты ахуал тұрақты бақылауда, деп хабарлайды Politico.kz.

Облыстық әкімдіктің мәліметінше, Қарқаралы ауданының Жаңатоған ауылы маңында әуеден барлау жұмыстары жүргізіліп, жаңа өрт ошақтары анықталған жоқ. 

Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Жағдайды бақылау және күштер мен құралдардың іс-қимылын үйлестіру мақсатында облыстық ТЖД-де жедел штаб жұмыс істеп жатыр.

«Дала өрттері Шет, Ақтоғай, Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарында тіркелді. Өрт ошақтарын оқшаулап, толық сөндіру, сондай-ақ елді мекендерді қорғау үшін Төтенше жағдайлар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары жұмылдырылды. Оқиға орнына 620 адамнан тұратын жеке құрам және 134 техника бірлігі жіберілді. Жағдайға тұрақты мониторинг жүргізілуде», – деді ТЖД бастығы Марғұлан Аманбаев.

Оның айтуынша, өртті сөндіру жұмыстарын қатты жел қиындатып отыр.

Қарқаралы ауданында 1989 және 1970 жылы туған екі ер адам медициналық көмекке жүгінген. Бірінің денесінің 10%-ын, екіншісінің 20%-ын күйік шалған. Қазіргі таңда екеуі де ауруханада ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын тұрақты деп бағалап отыр.

Қарқаралы ауданының әкімі Саят Мусиннің айтуынша, Жаңатоған ауылы маңында өртке қарсы жұмыстарға екі топ тартылған. Барлығы 159 адам мен 52 техника жұмылдырылды. Сонымен қатар Бесоба ауылы маңындағы қыстаулардың жанында болған үш өрттің толық сөндірілгенін хабарлады.

Ақтоғай және Шет аудандарындағы жағдай тұрақты, ахуал толық бақылауда. Ондағы табиғи өрт ошақтары сөндірілді.

«Ыстық ауа райы мен қатты желге байланысты дала өрттерінің туындау қаупі әлі де сақталады. Сондықтан жағдайды тұрақты бақылауда ұстау қажет. Жергілікті әкімдіктер ТЖД-мен тығыз байланыста жұмыс істеуі тиіс», – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Войдите, чтобы оставить комментарий