Қарағанды облысында "Қазақмыс" жұмысшыларына арналған 2,39 млрд теңгенің жаңа кешені бой көтереді

08.07.2026 16:45 Қарақат АСЫЛОВА
Қарағанды облысында
72
Фото: KAZAKHMYS

Қарағанды облысындағы "Қазақмыс" корпорациясының Нұрқазған байыту фабрикасының жұмысшыларына арналған заманауи тұрмыстық кешеннің құрылысы басталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Жаңа нысанның іргетасына естелік капсула қалау рәсімі өтті. Жалпы ауданы 2400 шаршы метрден асатын екі қабатты ғимарат 567 адамға шақталған. Жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған бұл құрылысқа 2,39 млрд теңге инвестиция бөлініп отыр. Ол алдағы уақытта өндірістік алаңдағы ең ірі әлеуметтік нысандардың біріне айналмақ.

Кешен ішінде қызметкерлерге қажетті барлық жағдай жасалады. Ғимаратта заманауи жуынатын бөлмелер, арнайы киімді кептіру және автоматты түрде жуу орындары мен демалыс бөлмелері болады. Сонымен қатар ауысым алдындағы тексеруден өтетін, физиотерапия және ем-шара кабинеттері бар арнайы медициналық пункт жұмыс істейді.

"Бүгін біз маңызды оқиғаның куәсі болып отырмыз – Нұрқазған байыту фабрикасының жаңа әкімшілік-тұрмыстық кешенінің құрылысы ресми түрде басталды. Бұл жай ғана кезекті құрылыс жобасының басталуы емес. Бұл – «Қазақмыс» корпорациясының жұмыскерлер үшін заманауи, қауіпсіз әрі жайлы еңбек жағдайын жасау жолындағы кезекті қадамы. Сондай-ақ еңбек адамына қамқорлық жасау Компанияның басты басымдықтарының бірі болып қала беретінінің айқын дәлелі", – деді "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков.

Шара барысында мердігерлер мен компания басшылығы кешеннің болашақ қызметкерлеріне арналған үндеуге қол қойып, оны капсулаға салды. Бұл хат ғимарат толық аяқталып, пайдалануға берілген кезде ғана ашылады. Жаңа әкімшілік-тұрмыстық кешенді 2027 жылдың тамыз айында қолданысқа беру жоспарланған.

Войдите, чтобы оставить комментарий