Қарағандыда төрт қабатты ғимараттың бір бөлігі опырылды

Қарағандыда төрт қабатты ғимараттың бір бөлігі опырылып түсті, деп хабарлайды POLITICO.KZ
Қарағанды қаласындағы Гагарин алаңы маңында тосыннан төтенше жағдай орын алды. Ерубаев көшесіндегі №14 үйдің төрт қабатты кірпіш ғимаратының бір бөлігі аяқ астынан опырылып түсті.
Куәгерлердің айтуынша, ғимарат құлаған сәтте айналаны қою шаң басып қалған. Жергілікті тұрғындар не болғанын түсінбей, абдырап қалды.
Жедел қызметтер оқиға орнына лезде жетіп, аумақты қоршауға алып, жағдайды бақылауға алды. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, шамамен 150 шаршы метр аумақ қираған. Шатырдың ағаш конструкциясы, үшінші қабаттан бірінші қабатқа дейінгі аралықтағы жабындар, сыртқы қабырға мен баспалдақтар түгелдей құлаған.
Абырой болғанда, ғимаратта жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан 15 жұмысшы дер кезінде эвакуацияланып, ешкім зардап шекпеген.
Қазір апаттың нақты себебі анықталып жатыр. Тиісті мамандар тексеріс жүргізіп, ғимараттың басқа бөліктерінің де қауіпсіздігін бағалауда.
Соңғы жаңалықтар





