Қарт әйелді қағып өлтіріп, қашып кеткен: Жүргізуші қызметтік көлікпен жүрген
Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында жол апатынан 77 жастағы әйел қаза тапты, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиғадан кейін жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен. Қайғылы жағдай 11 тамыз кешкі уақытта Алматы – Шелек – Хоргос – Байсейіт автожолында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, қарт әйел жолды жаяу жүргіншілер өткелі белгіленбеген жерден кесіп өтіп бара жатқан. Сол сәтте оны көлік қағып кеткен.
Әйел алған жарақаттарының салдарынан оқиға орнында көз жұмды. Ал көлік жүргізушісі тоқтамастан оқиға орнынан кетіп қалған.
Полиция қызметкерлері жол бойынан көлік фарасының шыны және пластик бөлшектерін тауып, іздестіру жұмыстарын жүргізген. Үш тәуліктен кейін күдіктінің жеке басы анықталды.
Полиция мәліметінше, жаяу жүргіншіні мемлекеттік қызмет көрсету орталығына тиесілі ақ түсті қызметтік KIA көлігі қағып кеткен болуы мүмкін.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі және 347-бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді. Күдікті бес жылға дейін бас бостандығынан айырылып, жеті жылға дейін көлік басқару құқығынан айырылуы мүмкін.
Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Соңғы жаңалықтар