Қаржы мониторинг агенттігі миллиардқа төселген Қарағанды облысындағы сапасыз жолды тексермек
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қарабұлақ ауылына салынған сапасыз жолға қатысты шулы мәселеге орай Қаржы мониторинг агенттігіне ресми сұраныс жібергенін мәлімдеді. Енді құзырлы орган тексеріс жұмыстарын бастайтын болады, деп хабарлайды POLITICO.KZ тілшісі.
Бұл туралы әкім Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған баспасөз мәслихатында айтты.
Естеріңізге сала кетейік, Қарабұлақ ауылының тұрғындары 2023 жылы ғана салынған жаңа жолға бөлінген шамамен бір миллиард теңге «лайдың астында қалды» деп дабыл қаққан болатын. Ауылға апаратын жол бір маусым өтпей-ақ шұрық-тесік болып, жарамсыз күйге түскен. Тұрғындар жолды салған мердігер компания банкрот болғанын, ал екі жылдық кепілдік мерзімі аяқталуға жақын екенін айтып, жақын арада ауданмен байланыссыз қаламыз деп уайымдайды.
Осыған орай, бүгінгі баспасөз мәслихатында тілшіміз облыс басшысына: «Бұл жағдайдан хабарыңыз бар ма? Бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалғаны үшін Қарағанды облысы әкімдігінде кім жауапкершілікке тартылады? Әкімдік Қарабұлақ тұрғындарына сапалы жолды қайта салып беруді қашан жоспарлап отыр?» деген сауалдарды қойды.
Ермағанбет Бөлекпаев бұл жағдай туралы білетінін жеткізді.
«Оның алдында да білгенбіз. Ол аудандық бюджеттен салынған жол. Кейіннен мен Қаржы мониторинг агенттігіне сұраныс жасап, олар қазір тексеріс жұмыстарын жүргізетін болады», — деді облыс әкімі.
Әкім жауапкершілікке тек мердігер ғана емес, басқа да тұлғалар тартылуы мүмкін екеніне тоқталды.
«Сондықтан жауапкершілікке кім қабылдады, қалай қабылдады, неге қабылдады... Бұл жерде жалғыз мердігер емес, ол жерде авторы бар, ол жерде технадзор бар. Одан кейін қол қойған бөлім басшысы бар. Солардың бәрін анықтайтын боламыз. Сосын барып шешім қабылдаймыз», — деп жауап берді Ермағанбет Бөлекпаев.
Тілшіміздің «Мердігер компания шынымен банкрот па?» деген сұрағына әкім бұл ақпараттың әлі тексерілетінін айтты. Оның сөзінше, мұны компанияның өзі айтып жүруі мүмкін, бірақ бұл әлі белгісіз.
Алайда, ауыл тұрғындары үшін ең маңызды сұрақ – оларға жаңа әрі сапалы жолдың қашан салынатыны туралы сауал жауапсыз қалды.
Соңғы жаңалықтар