Конституциялық Сот президенттік мерзімдер санына қатысты норманы қолданудың құқықтық тәртібін айқындады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың екінші мерзімге қайта сайлануға құқығы бар. Бұл туралы ҚР Конституциялық Сотының нормативтік қаулысынан белгілі болды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл шешім ведомствоның 2026 жылғы 7 шілдеде шығарған арнайы нормативтік қаулысында жарияланды. Құжатқа сәйкес, бұған дейін президент Конституцияның бірнеше бабына қатысты ресми түсініктеме беруді сұраған.
"Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 15 наурыздағы Қазақстан Республикасы Конституциясының 43-бабы 1-тармағының, 72-бабы 2 және 3-тармақтарының, 83-бабы 1-тармағының және 84-бабы 3-тармағының ережелерін:
«лауазымын 1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес атқарып келе жатқан адамдар 2026 жылғы 15 наурыздағы Қазақстан Республикасы Конституциясының 43-бабы 1-тармағында, 72-бабы 2 және 3-тармақтарында, 83-бабы 1-тармағында, 84-бабы 3-тармағында көрсетілген қызметке сайлана ала ма не лауазымға тағайындала ала ма?» деген сұраққа жауап беріп, ресми түсіндіру туралы өтінішін қарады", – делінген анықтамалық ақпаратта.
Соттың шешіміне сүйенсек 1995 жылғы Конституция кезіндегі қызмет мерзімдері жаңа заңнама аясында есепке алынбайды.
"Конституцияның 43-бабының 1-тармағында, 72-бабының 2 және 3-тармақтарында, 83-бабының 1-тармағында және 84-бабының 3-тармағында белгіленген шектеулер қолданылған жағдайда 1995 жылғы Негізгі Заң қолданыста болған кезеңде тиісті лауазымдарда болу мерзімдерін, сондай-ақ қызметке сайлау не лауазымға тағайындау фактілерін есепке алуды көздейтін ережелерді Конституция қамтымайды", – деп жазылған.
Бұл түсіндірме бұрынғы қызмет мерзімдерінің алдағы сайлауларға ешқандай құқықтық кедергі келтірмейтінін нақтылайды.
"Демек, адамның аталған лауазымдардың бірін 1995 жылғы Конституция қолданыста болған кезеңде атқару фактісі Қазақстан Республикасының Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енгеннен кейін оны тиісті қызметке сайлауға не лауазымға тағайындауға Негізгі Заңда көзделген конституциялық-құқықтық кедергі болып табылмайды.
Президенттің өтінішін қарау қорытындысы бойынша Конституциялық Сот ресми түсіндіру берді: 2026 жылғы Конституцияның 43-бабының 1-тармағын, 72-бабының 2 және 3-тармақтарын, 83-бабының 1-тармағын және 84-бабының 3-тармағын осы конституциялық нормаларда аталған лауазымдарды 1995 жылғы Конституцияға сәйкес атқарып жүрген адамдар 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін тиісті қызметке сайлануы не лауазымға тағайындалуы мүмкін деп түсіну керек.
Аталған конституциялық нормаларда белгіленген шектеулерді қолдану мақсаты тұрғысынан мұндай адамдардың 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін тиісті қызметке сайлануы не лауазымға тағайындалуы алғаш рет сайлану не тағайындалу деп есептеледі", – деп түсіндіреді сот.
Құжаттың толық мәтіні
.png)
(1).png)
(1).png)
(1).png)
Соңғы жаңалықтар