Көлігі жырадан табылған: Абай облысында жоғалған ер адам өлі табылды
Абай облысында бірнеше күннен бері іздестірілген 44 жастағы Ринат Ахметовтің мәйіті табылды. Бұған дейін оның Lexus LX 570 автокөлігі Бородулиха ауданындағы жырадан табылған еді. Алдын ала болжам бойынша, ер адам суықтан үсіп қайтыс болуы мүмкін, деп хабарлайды Politico.kz.
Абай облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, 1982 жылы туған Семей қаласының тұрғыны 4 қарашада үйінен шығып, содан бері хабарсыз кеткен.
11 қарашада сағат 15:40 шамасында полиция қызметкерлері оның мәйітін Бородулиха ауданындағы Нововасильевка ауылынан шамамен 35 шақырым жердегі даладан тапқан.
«Алдын ала мәлімет бойынша, өлімге үсіп қалу себеп болуы мүмкін. Қайтыс болудың нақты себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды», – деп хабарлады полиция.
Ринат Ахметовті іздеуге 60-тан астам полиция қызметкері, оның ішінде Абай облысы полиция департаментінің 30 арнайы жасақ қызметкері жұмылдырылған. Сондай-ақ іздеу жұмыстарына Төтенше жағдайлар органдарының 10 қызметкері, 50 әскери қызметші, төрт ерікті және жоғалған азаматтың 10 туысы мен досы қатысқан.
Іздестіруге жергілікті тұрғындар да көмектескен. Жету қиын, жолы күрделі аумақтарды тексеру үшін олардың 12 тракторы мен полицияның екі квадроциклі пайдаланылған.
Қазір ер адамның нақты неден қайтыс болғаны сот-медициналық сараптама арқылы анықталады.
Соңғы жаңалықтар