Қазақмыс корпорациясы Қарағайлы фабрикасын дамыту бағдарламасын қолға алды

03.07.2026 18:58 Әсел МҰРАТ
Қазақмыс корпорациясы Қарағайлы фабрикасын дамыту бағдарламасын қолға алды
68
Фото: KAZAKHMYS

Қазақмыс корпорациясы Қарағайлы байыту фабрикасын кешенді түрде жаңғыртып, өндіріс қуатын арттыруға кірісті, деп хабарлайды Politico.kz.

Корпорацияның басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі Қарағайлы кентіне арнайы барып, зауыттың қазіргі жағдайымен және алдағы жоспарларымен танысты. Басты назар өндірістік инфрақұрылымды жаңартып, құрал-жабдықтардың сенімділігін арттыруға және кәсіпорынның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге аударылды.

Qaragayly Tau-ken ondirisi филиалына қарайтын бұл кәсіпорын жылына 1,4 млн тонна полиметалл кенін өңдеуге қауқарлы. Шикізат Абыз, Ақбастау және Қажықонған кен орындарынан тасымалданып, одан негізгі өнім ретінде мыс пен пирит концентраты алынады.

Басшылық өндіріс орындарын аралап, ең кезек күттірмейтін шараларды пысықтады. Бірінші кезекте сүзгілеу учаскесіне жаңа техника алу процесін жылдамдату, қалдық шаруашылығындағы қойыртпақ құбырын ауыстыру және кәсіпорынды сумен қамтитын жүйені жаңарту міндеті қойылды. Сонымен қатар ұсақтау цехына қажетті қосалқы бөлшектерді жеткізу мәселесі қаралды. Бұл қадамдар зауыт жұмысының жоспардан тыс тоқтап қалу қаупін барынша азайтады.

Кәсіпорынды материалдық тұрғыдан жабдықтауға айрықша мән беріліп отыр. Филиалдың 2026 жылға арналған инвестициялық жоспары аясында техника мен қажетті бөлшектерді сатып алуға 5,3 млрд теңгеден астам қаражат қаралған. Бұл соманың шамамен 3 млрд теңгесі тікелей Қарағайлы фабрикасына тиесілі болса, қалған 2 млрд теңгеге жуық қаржы Ақбастау, Абыз және басқа да кеніштерге бөлінеді. Қаражат негізінен сүзгілеу, ұсақтау және конвейер жүйелерін тұрақтандыруға, сорғылар мен электр жабдықтарын жаңартуға, сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмсалады.

Өндірістік базаны күшейту мақсатында жаңа тиеу техникасын сатып алу жоспарда бар. Бұл жұмысты жеделдетіп қана қоймай, басқа жақтан техниканы жалға алу қажеттілігін азайтады.

Жұмыс сапары кезінде Қарқаралы ұлттық паркі аумағында орналасқан Сосновый бор учаскесі де тексерілді. Фабрика балансындағы бұл нысанда тұрғын үйлер, қазандықтар, су және жарық желілері бар. Ондағы ғимараттар мен инженерлік желілердің техникалық жағдайы қаралып, оларды кезең-кезеңімен жөндеу жұмыстары айқындалды.

"Қарағайлы байыту фабрикасын жаңғырту «Қазақмыс» Тобының өндірістік үдерістің сенімділігін арттыруға, технологиялық жабдықты жаңартуға және заманауи еңбек жағдайын қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді инвестициялық бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. Компания өндірістік активтерді кезең-кезеңімен жаңғыртуға тұрақты инвестиция салып, олардың тиімді әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп келеді", – деп мәлімдеді Қазақмыс корпорациясы.

Войдите, чтобы оставить комментарий