«Қазақмыс» Қарағанды өңірін дамытуға 6 млрд теңгеден астам қаржы бөлмек

27.02.2026 16:24 Әсел Мұрат
«Қазақмыс» Қарағанды өңірін дамытуға 6 млрд теңгеден астам қаржы бөлмек
48

27 ақпанда Қарағандыда жалпы сомасы 6 млрд теңгеден асатын жобаларды жүзеге асыруды көздейтін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Келісім аясында денсаулық сақтау, білім беру, спортты дамыту және елді мекендерді абаттандыру басым бағыт болып айқындалды.

Балқаш қаласында жаңа балабақша салу және аумағын абаттандыра отырып су спорты түрлерінің базасын ашу жоспарлануда.

2026 жылы Шешенқара, Баймырза ауылдарында және Ақтау кентінде бірқатар әлеуметтік жоба жүзеге асырылады.

Аталған елді мекендерде дәрігерлік амбулатория, спорт кешені және өрт сөндіру депосын салу жоспарланған.

Бұл медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, спортпен шұғылдануға қолайлы жағдай жасауға және өрт қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Екі жылға есептелген құжат өңір мен ірі бизнес арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа кезеңін айқындайды. Онда өндіріске ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік әріптестікке де басымдық беріледі.

«Бұл меморандум тек өндірістік мәселелерге ғана қатысты емес. Онда әлеуметтік жауапкершілік, кәсіпорындар орналасқан елді мекендердің тұрғындарын қолдау және әлеуметтік нысан салу мәселелері қамтылған. Біз өз тарапымыздан жан-жақты қолдау көрсетеміз. Бүгін қол қойылған меморандум жүйелі түрде жүзеге асырылып, жоспарланған жобалардың басым бөлігі келісім мерзімі аяқталғанға дейін орындалады деп сенеміз», – деді Бөлекпаев.

Сонымен қатар Қарағанды облысының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасымен және «Сарыарқа» ӘКК» АҚ-мен өнеркәсіптік ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Ермағанбет Бөлекпаев өңірде жүйеқұраушы кәсіпорындармен өзара іс-қимылдың оң тәжірибесі қалыптасқанын және оны кеңейтіп, ауқымын арттыруға болатынын атап өтті.

«Бізде тиімді серіктестіктің нақты мысалдары бар. Оларды компания жұмыс істейтін басқа өңірлерде де қолдануға болады», – деді өңір басшысы.

Өз кезегінде «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі өңірдің компания үшін стратегиялық маңызына және қол қойылған келісімдердің нақты нәтижеге бағытталғанына назар аударды.

«Қарағанды облысы – біз үшін стратегиялық тұрғыдан аса маңызды өңір. Мұнда компанияның негізгі өндірістік активтері – Қарағайлы, Нұрқазған, Балқаш, Қарағанды құю-машина жасау зауыты (ҚҚМЖЗ) шоғырланған. Дәл осы себепті өңірде жұмысымызды бастаған сәттен бастап біз жүйелі әлеуметтік және инфрақұрылымдық қолдауға басымдық бердік. Бүгін қол қойылған меморандум – жай ғана формалдылық емес, аумақты дамытудың нақты құралы. Осы бағдарламаларды іске асыру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына нақты үлес қосып, көзге көрінетін әрі ұзақ мерзімді нәтиже береді деп сенемін», – деп атап өтті «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі.

Қол қойылған меморандумдарды жүзеге асыру өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын нығайтуға, қосымша жұмыс орындарын ашуға және жергілікті бизнестің дамуын қолдауға мүмкіндік береді. Қазақмыс үшін өзіне қатысы бар аймақтарды дамыту – өңірдің өркендеуіне және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыс болып табылады.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий