«Қазақмыс» Жезқазғандағы фабриканың тұрмыстық ғимараттарын жаңартып жатыр

05.10.2026 • 12:01 Қарақат АСЫЛОВА
«Қазақмыс» Жезқазғандағы фабриканың тұрмыстық ғимараттарын жаңартып жатыр
115
Фото: Қазақмыс

Жезқазған байыту фабрикасында жұмысшылар күнде пайдаланатын жуынатын бөлмелерден бастап медициналық пунктке дейін жөнделіп жатыр. «Қазақмыс» корпорациясы бұл жұмысқа 218,6 млн теңгеден астам қаржы бөлгенін хабарлады, деп жазады Politico.kz.

Қаржы фабриканың №1, №2 және №3 әкімшілік-тұрмыстық ғимараттарын және медициналық пунктін жаңартуға жұмсалады. Жөндеу ішкі бөлмелермен шектелмейді: ғимараттардың шатыры мен қасбеті, жылу, су және электр желілері де жаңартылып жатыр.

Жұмыстың негізгі бөлігі №1 және №2 ғимараттарда жүріп жатыр. Мұнда жуынатын және киім ауыстыратын орындар толық жөнделіп, санитарлық бөлмелер, баспалдақ алаңдары мен күнделікті пайдаланылатын өзге бөлмелер ретке келтірілуде. Шатыр, қасбет және жертөле де жөндеуден өтіп жатыр.

Ал №3 ғимараттағы санитарлық бөлмелерді, дәліз бен баспалдақ алаңын жөндеу жұмысы аяқталған.

Медициналық пункт те бөлек жаңартылып жатыр. Оның ішкі бөлмелері, шатыры мен қасбеті жөнделіп, жылыту, кәріз және электрмен жабдықтау жүйелері ауыстырылуда. Сонымен бірге жаңа сантехникалық жабдықтар орнатылып жатыр.

Корпорацияның мәліметінше, жұмыс бекітілген кестеге сай кезең-кезеңімен жүргізіледі.

2026 жылы «Қазақмыстың» жаңа басқарушы командасы еңбек жағдайын жақсарту мен кәсіпорындардағы инфрақұрылымды жаңартуды негізгі міндеттерінің бірі ретінде белгілеген. Компанияның осы бағдарламасы өндіріс нысандарымен бірге жұмысшылар күнделікті пайдаланатын тұрмыстық орындарды да қамтиды.

Войдите, чтобы оставить комментарий