Қазақмыс "Жомарт" кенішінде қауіпсіздікті күшейтетін жаңа 3D жүйені іске қосты
"Қазақмыс" корпорациясы "Жомарт" кенішінде тау жыныстарының жағдайын бақылайтын жаңа цифрлық мониторинг жүйесін енгізіп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Корпорация бұл жобаны Союз Гео Мех серіктестігімен бірге қолға алған. Жаңа технология тау-кен жұмыстарын қауіпсіз жүргізіп, ықтимал қауіпті алдын ала анықтауға көмектеседі. Жүйе RS10 мобильді кешені арқылы жұмыс істейді. Құрылғы жер астындағы қазбаларды жоғары дәлдікпен лазерлік сканерден өткізіп, кеніштің үшөлшемді моделін жасайды. Осы цифрлық көшірме арқылы мамандар тау жынысындағы кез келген өзгерісті нақты қадағалай алады.
Сканерден алынған мәліметтер геологиялық және маркшейдерлік ақпаратпен біріктіріледі. Нәтижесінде инженерлер қауіпті аймақтарды дөп басып, бұрғылау немесе жару жұмыстарын қауіпсіз жоспарлайды. Бақылау процесі үздіксіз жүргізілетіндіктен, кеніштің ағымдағы жағдайын ғана емес, алдағы уақыттағы өзгерістерді де нақты болжауға мүмкіндік бар.
Бұл жоба Қазақмыстың өндірісті цифрландыру және өнеркәсіптік қауіпсіздікті арттыру бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр. Мақсаты инженерлік шешімдердің сапасын арттырып, Жомарт кенішіндегі жұмыс тұрақтылығын қамтамасыз ету.
Соңғы жаңалықтар