«Қазақмыс» жұмысшылары жаңа Конституция жобасына қолдау білдірді

19.02.2026 16:22 Берік Арманов
«Қазақмыс» жұмысшылары жаңа Конституция жобасына қолдау білдірді
40
Фото: «Қазақмыс»

Жезқазғанда «Қазақмыс» компаниясының басшылығы мен жұмысшылары кездесіп, жаңа Конституция жобасын талқылады, деп хабарлайды Politico.kz.

Жиында тау-кен металлургия саласының ел экономикасындағы орны сөз болды. Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі компанияның негізгі ұстанымы тәртіп пен жауапкершілікке негізделгенін жеткізді. Ол өндірістегі әрбір талап қауіпсіздік пен сапа стандартына сай келетінін мәлімдеді.

Кездесу барысында Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасы аймақтардың дамуына қалай әсер ететіні айтылды. Руслан Өскенәлі корпорация басқарудың ашықтығын арттырып, мемлекет пен қоғам арасындағы теңгерімді сақтайтын реформаны қолдайтынын білдірді.

«Біз өңірдегі ең ірі өнеркәсіптік компания ретінде тұрақтылыққа, реттеудің айқындығына және реформалардың дәйектілігіне мүдделіміз. Бизнес үшін алдын ала болжам жасауға болатын, заңға негізделген және барлығына бірдей жағдай жасалған орта маңызды. Ал қызметкерлерге әлеуметтік кепілдіктер, қауіпсіздік және ертеңгі күнге деген сенім қажет», – деді ол.

Басқарма төрағасы елдің тұрақтылығы ұзақ мерзімді даму жоспары мен өңірлерді жүйелі қолдауға байланысты екенін айтты. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлытау облысына ерекше қолдау көрсету туралы сөзін еске салды. Осы бағытта компания аймақты дамытып, инфрақұрылым мен білімге инвестиция құюды жалғастырады. Өңірде тұрақты жаңа жұмыс орындары да ашылады.

Компания басшылығының бұл ұстанымын өндіріс ардагерлері де құптады. «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Бүкіров негізгі заң еңбек адамының құқығын қорғауда маңызды екенін жеткізді.

«Біз өмір бойы өндірісте жүрдік. Сол тәжірибеден түйген бір шындық бар: елдің нағыз тірегі – еңбек адамы. Заң айқын, тәртіп берік, жауапкершілік ортақ болса ғана өндіріс те, мемлекет те алға басады. Бүгін қабылданатын шешім – ертеңгі ұрпақтың өміріне әсер етеді. Сондықтан әрқайсымыз ел болашағына бейжай қарамауымыз керек», – деді Төлеген Бүкіров.

Жиын соңында басқарма төрағасы жұмысшыларға адал еңбегі үшін алғыс айтып, болашақтың берік болуы тәртіп пен мемлекеттік институттарға деген сенімге негізделетінін мәлімдеді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий