Қазақмыстың бастамасымен Балқаштың орталық саябағына 2 500 ағаш отырғызылады

07.10.2026 • 13:53 Қанат АЙБАР
Қазақмыстың бастамасымен Балқаштың орталық саябағына 2 500 ағаш отырғызылады
93
Фото: Қазақмыс

«Қазақмыс» корпорациясы Балқаштың орталық саябағында жаңа жасыл аймақ құруға бастамашы болды. Құны 57,5 млн теңге болатын жоба аясында 2 500 ағаш отырғызу қолға алынды, деп хабарлайды Politico.kz.

Көгалдандыру жұмыстары «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жүргізіліп жатыр. Саябаққа 500 қарағаш пен 2 000 пирамидалы терек отырғызылады. Жұмысты қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Іс-шараға «Қазақмыс» корпорациясының Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі мен Балқаш қаласының әкімі Саян Мұратұлы қатысты.

Отырғызуға биіктігі 2,5 метр болатын, тамырындағы топырағы сақталып қазып алынған ірі көшеттер пайдаланылып жатыр. Ағаш егілетін орындар дайындалып, тамшылатып суару жүйесі қарастырылған. Алғашқы суару жұмыстары да жүргізілді.

Жобаға бөлінген қаражат аумақты дайындауға, көшеттерді жеткізіп, отырғызуға, суару жүйесін орнатуға және өзге де қажетті жұмыстарға жұмсалады.

Жаңа жасыл аймақ орталық саябақтың бір бөлігіне айналады. Компанияның хабарлауынша, жоба саябақты одан әрі абаттандырып, Балқаш тұрғындарының демалуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

«Қазақмыс» өзі жұмыс істейтін өңірлерде экологиялық және әлеуметтік бастамаларды жалғастырып, қоғамдық орындарды абаттандыруға және қалалық инфрақұрылымды дамытуға көңіл бөліп келеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий