Қазақстан бейбіт дипломатияның жаңа үлгісін ұсына ма?

Қазақстан бейбіт дипломатияның жаңа үлгісін ұсына ма?
26.08.2025 17:03
0
89
POLITICO.KZ.

Анкоридж қаласында Ресей мен АҚШ президенттері Владимир Путин мен Дональд Трамптың кездесуі өткеннен кейін Қазақстанның ұстанымы қайтадан жаһандық деңгейде талқыға түсті. Бұл саммитті Ақорда «Украина бойынша ең жоғары деңгейде келіссөздер процесінің басталуы» деп бағалады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл кездесудің тарихи мәнге ие екенін айта келе, оны әлемдік бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту қажеттілігімен байланыстырды, деп сараптайды POLITICO.KZ. 

Ағайындық рөл – бізде

Кейінгі жылдары Астана өңірлік және жаһандық шиеленістерді шешу алаңы ретінде бірнеше рет мойындалды. Сириядағы қақтығысты реттеу келіссөздері, Ауғанстан мәселесіне қатысты диалог, Армения мен Әзербайжан арасындағы бітімгерлік бастамалары – осының айқын дәлелі. Сарапшылардың пікірінше, дәл осы тәжірибенің арқасында Қазақстанға Украина мәселесінде де араағайындық рөлі берілуі мүмкін.

Саясаттанушы Рахым Ошақбаевтың айтуынша, Қазақстан үшін мұндай бастамаларды қолдау тек сыртқы саясаттың жалғасы ғана емес, сонымен бірге ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық тұрақтылықтың кепілі. 

«Қазақстан әрқашан бейбітшілікті қолдайды. Ресей біздің көршіміз әрі стратегиялық серіктесіміз. АҚШ тұрақты әрі мазмұнды байланыс орнатқан ел. Екі алып державаның қақтығысы бүкіл әлем үшін қауіп төндіреді. Сондықтан олардың келіссөз үстеліне қайта оралуы біз үшін аса маңызды», дейді сарапшы.

Анкоридждегі кездесу, бір жағынан, Дональд Трамптың әскери-өнеркәсіптік кешеннің қысымына қарамастан, диалог орнатуға жасаған қадамы болса, екінші жағынан, Ресейдің де келіссөзге дайын екенін көрсеткен белгісі болды. Бұл «болашақ келісімдер үшін ашылған мүмкіндік терезесі» деп бағаланды.

 «Қазақстанның сыртқы саясатындағы ең басты ерекшелік көп векторлық. Бұл принцип елді ешқандай жаққа біржақты тәуелді етпей, керісінше, теңгерімді саясат жүргізуге мүмкіндік береді. Тоқаевтың бейбіт бастамалары Қазақстанның осы ұстанымын нақтылап қана қоймай, халықаралық беделін де арттыра түсуде. Біз бейтараптықты сақтай отырып, ешбір жақты таңдаған жоқпыз. Керісінше, диалог пен келісімге қолайлы орта қалыптастыруға тырысамыз», дейді Ошақбаев.

Анкоридж саммитінің тағы бір маңызды қыры – ядролық қақтығыс қаупін азайту. Сарапшылар атап өткендей, Ресей мен АҚШ әлемдік ядролық әлеуеттің 80%-ын иеленіп отыр. Қоғамдық риторикада кейінгі уақытта байқалған шиеленіс – әлеуметтік желілердегі өткір мәлімдемелерге дейін жеткен. Осындай жағдайда екі тараптың бетпе-бет кездесуі мен өзара құрмет көрсетуі жаһандық эскалацияны тежеудің нақты жолы.

Әрине, бұл саммит барлық түйінді мәселелерді бірден шешіп тастай алмайды. Бірақ диалогтың қайта басталуы, тараптардың компромиске баруға дайын екенін көрсетуі ең үлкен нәтиже. Қазақстан үшін бұл процесс бейбітшілікке бағытталған сыртқы саясаттың дұрыстығын тағы бір мәрте айғақтады.

Қорытындысында, Путин мен Трамптың Анкоридждегі кездесуі тек екі елдің арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңін ашып қойған жоқ. Ол Қазақстанның ұстанымының да өзектілігін көрсетті. Тоқаевтың бейбіт бастамалары Қазақстанды тек аймақтық қана емес, жаһандық деңгейдегі бітімгер ел ретінде танытып отыр. 


География тағдырды айқындамайды

«География тағдырды айқындамайды» деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Аваза қаласында өткен БҰҰ-ның теңізге шыға алмайтын дамушы елдер жөніндегі Үшінші конференциясында. Қызық сөз. Мемлекет басшысының айтуынша, географиялық тұрғыдан оқшауланғанына қарамастан, Орталық Азия әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын көрсетіп, жаһандық күн тәртібінде маңызды орын алуға жеткілікті әлеуетке ие. Қазақстан осы мақсатта өңірлік өзара байланыстарды нығайтуға, цифрлық трансформацияны ілгерілетуге және ұзақмерзімді тұрақты өсімге серпін беруге күш салып келеді.
 

Бұл бастамалардың мәні мен өңір үшін стратегиялық маңызы туралы азербайжандық саясаттанушы Егяна Гаджиева да пікір білдірді. Сарапшының айтуынша, Орталық Азияның маңызы оның географиясынан әлдеқайда тереңде.
 

«Бұл өңір Еуропа, Азия және Таяу Шығыс арасындағы сауда және көлік байланыстары үшін стратегиялық маңызы бар «геосаяси түйін» саналады. Мұнда Ресей, Қытай, ЕО, Үндістан және АҚШ сынды жаһандық ойыншылардың мүдделері тоғысып отыр. Олар аймақтағы экономикалық қатынастарды дамытып, инвестициялар құйып, сауда байланыстарын күшейтуге ұмтылуда», дейді Гаджиева.

Оның пікірінше, Орталық Азия елдері әртүрлі даму деңгейінде болғанымен, өңірдің көшбасшысы ретінде Қазақстан геоэкономикалық және геосаяси өлшемдерде басты рөлге ие.


 «Бұл конференцияда қабылданған Вена іс-қимыл бағдарламасы теңізге шыға алмайтын 440 миллионнан астам халыққа әділ және бәсекеге қабілетті жағдайларда халықаралық саудаға қатысуға мүмкіндік берді. Бұған дейінгі Алматылық бағдарлама тәжірибесі де жаңа мүмкіндіктер мен проблемаларды қайта бағамдауға жол ашты. Орталық Азия елдері осы бағдарламалар аясында өз стратегияларын жетілдіріп, жаңа онжылдыққа арналған нақты іс-қимыл жоспарын әзірледі»,  деді саясаттанушы.

Президент Тоқаев атап өткендей, теңізге шыға алмайтын елдердің ең ірі мәселесі – шектеулі көлік дәліздері. Бұл орайда сарапшы да өңірлік ынтымақтастықтың жеткіліксіздігіне назар аударды.

«Көлік инфрақұрылымының әлсіздігі және көршілес елдерге тәуелділік экономикалық әрі саяси тұрғыда осалдық туғызады. Балама ретінде «Орта дәлізді» дамыту аса өзекті. Қазақстан осы бағытқа айрықша назар аударып отыр. Сонымен қатар Каспий арқылы теңіз жолдарын кеңейту – тәуелділікті азайтып, жаңа нарықтарға жол ашады», деді ол.

Сарапшы теңізге шыға алмайтын дамушы елдер үшін ең өзекті мәселе – көлік шығындарын азайтып, әлемдік экономикаға тиімді интеграциялану екенін атап өтті.

«Қазақстан өңірлік өзара байланыстарды нығайтып қана қоймай, цифрлық трансформацияны ілгерілетуде. Сонымен қатар инвестициялық климатты жақсарту, баламалы маршруттарды дамыту және инфрақұрылымды жаңғырту арқылы географиялық шектеулерді еңсеруге ұмтылып отыр. Бұл елдің жаһандық экономикадағы орнын күшейтіп, Орталық Азияны жаңа даму кезеңіне жетелейді»,  деді ол.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий