Қазақстан Орталық Азияда бірінші болып аусылдан таза ел мәртебесін иеленді
Париж қаласында өткен Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының 93-ші бас сессиясында Қазақстан аусыл ауруынан таза ел ресми мәртебесін алды, деп хабарлайды Politico.kz ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Халықаралық ұйымға мүше 183 мемлекеттің делегаттары бірауыздан қолдау білдіріп, бүгін қазақстандық делегацияға тиісті сертификатты табыстады. Осы тарихи шешімнің арқасында еліміздің барлық аумағы халықаралық стандарттарға сай қауіпсіз деп танылып отыр әрі Шығыс және Орталық Азия аймағында мұндай жоғары дәрежеге жеткен жалғыз мемлекет атанды. Министрліктің мәліметіне сүйенсек, бұл жетістік 2024 жылдан бері биологиялық қауіпсіздікті күшейту және ветеринариялық бақылауды жақсарту бағытында атқарылған ауқымды жұмыстардың тікелей нәтижесі.

«Қазақстан халықаралық деңгейде мойындалған эпизоотиялық қауіпсіздік жүйесін дәйекті түрде нығайтып, ұлттық ветеринариялық қауіпсіздіктің деңгейінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Бүгінде еліміздің бүкіл аумағы аусылға қарсы вакцинацияланған таза халықаралық аймақтармен қамтылды. Бұл ел үшін үлкен жетістік. Сонымен қатар Қазақстан жыл сайын африкалық жылқы обасы мен классикалық шошқа обасы бойынша да қауіпсіз екенін дәлелдеп келеді, сондай-ақ ДЖДҰ талаптарына сәйкес құс тұмауының жоғары патогенді түрі мен африкалық шошқа обасына қатысты өзіндік декларацияларын тұрақты түрде қолдап отыр», – деді Айдарбек Сапаров.
Ведомство басшысы бұл мәртебе еліміздің халықаралық беделін арттырып қана қоймай, шетелдік серіктестердің сенімін бекіту арқылы отандық мал шаруашылығы өнімдерінің экспортын еселеуге жол ашатынын атап өтті. Сессия барысында қазақстандық делегация жануарлардың трансшекаралық ауруларына қарсы күрес пен жаһандық ынтымақтастық мәселелерін белсенді түрде талқылады.
Жиын аясында Айдарбек Сапаров ұйымның бас директоры Эммануэль Субейранмен арнайы кездесіп, еліміздің ветеринария саласын жаңғыртудағы оң тәжірибесін халықаралық деңгейде таныстыру ұсынысын алды. Ұйым басшысы Қазақстанның Орталық Азиядағы өзара ынтымақтастықты нығайтудағы рөлін жоғары бағалады әрі Айдарбек Сапаров осы алқалы жиында сөз сөйлеген аймақтағы жалғыз ауыл шаруашылығы министрі болғанын айта кеткен жөн.
Соңғы жаңалықтар