Қазақстан сирек металдар өндірісін күшейтеді – Тоқаев жаңа міндеттерді атады

20.08.2026 15:42 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Қазақстан сирек металдар өндірісін күшейтеді – Тоқаев жаңа міндеттерді атады
186
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтіп, аса маңызды минералдар мен сирек металдар саласын дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлайды Politico.kz.

Қазақстан қор көлемі мен өндіріс әлеуеті бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр. Мемлекет басшысы осы артықшылықты ел мүддесіне барынша тиімді пайдалану қажеттігін ескертті.

«Қазба байлығы мол елдер үшін әлемдегі қазіргі ахуал тиімді әрі бірегей мүмкіндіктерге жол ашып отыр», – деді Мемлекет басшысы.

Қазіргі уақытта дүние жүзінде аса маңызды материалдарға қол жеткізу жолындағы бәсекелестік күшейіп келеді. Бұл бағыт жоғары технологиялық салаларды өркендету үшін үлкен стратегиялық маңызға ие. Сондықтан Қазақстан қолда бар ресурстарды ұтымды жұмсап, өндіріс тізбегін дәйекті түрде дамытуы керек.

Жиын барысында Үкімет мүшелері саланың қазіргі жағдайы мен қорды игеру перспективасы туралы есеп берді. Олар қайта өңдеу бағытын дамыту жолдарын талқылап, саладағы кедергілерді де атап өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша Үкімет пен тиісті органдарға бірқатар нақты тапсырма берілді. Оның ішінде саланы дамытудың жүйелі көзқарасын қалыптастыру және реттеу тетіктерін жетілдіру бар. Бұдан бөлек геологиялық барлау мен өңдеу ісін ілгерілету қажет. Техногенді минералдық түзілімдерді экономикалық айналымға қосу міндеттелді. Сонымен қатар зертханалар базасы мен кадрлар құрамын нығайту және әкімшілік кедергілерді жою міндеті қойылды.

Войдите, чтобы оставить комментарий