Қазақстанда 5 пайыздық жаңа ипотека іске қосылды: баспана алудың шарттары қандай?

19.08.2026 17:02 Мөлдір ҚАЙНАР
Қазақстанда 5 пайыздық жаңа ипотека іске қосылды: баспана алудың шарттары қандай?
85
Фото: magnific.kz

Алматы облысында 18 бен 60 жас аралығындағы азаматтарға арналған 5 пайыздық "Алатау" өңірлік тұрғын үй бағдарламасы басталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Биыл жоба аясында 120-дан астам қарыз беру үшін 3,2 млрд теңге бөлінген. Бағдарлама талаптарына сәйкес, бастапқы жарна 10 пайызды, ал ең жоғары несие сомасы 30 млн теңгеге дейінгі көлемді құрайды. Басты шарт – жеке баспанасы жоқ азаматтар пәтерді тек Қонаев қаласындағы жаңа үйлерден ғана сатып ала алады.

Жеңілдетілген ипотекаға білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік сала, энергетика, коммуналдық шаруашылық, мемлекеттік қызмет және биыл қосылған БАҚ саласының қызметкерлері қатысуға мүмкіндік алды.

Өтінімдер Қонаев қаласындағы "Шахнұр" бизнес-орталығында жұмыс күндері сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін, сенбі күні 13:00-ге дейін қабылданады. Әкімдік пен облыстық комиссия үміткерлерді отбасылық жағдайы, бала саны, еңбек өтілі мен спорттық жетістіктері бойынша баллдық жүйемен іріктейді. Іріктеуден өткендер табысын растау үшін "Отбасы банкке" жолдама алып, қажет болған жағдайда екі кепілгер тарта алады.

 

Войдите, чтобы оставить комментарий