Қазақстанда алдағы уақытта электр энергиясының тарифтері қымбаттайды
Қазақстанда электр энергиясының бағасы жақын арада өзгеруі ықтимал. Бұл туралы энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Оның айтуынша, сәуір айынан бастап тарифтерге қойылған мораторий өз күшін жойған. Осыған байланысты электр энергиясының тарифтерін қайта қарау мәселесі қайта күн тәртібіне шықты.
Қазіргі таңда тарифті көтеру бойынша өтінімдер түсе бастаған. Бұл үрдіс өткен жылдан бері жалғасып келеді.
Вице-министрдің сөзінше, бағаның өсуіне бірнеше негізгі фактор әсер етіп отыр. Атап айтқанда, энергетика саласындағы қызметкерлердің жалақысын арттыру қажеттілігі туындаған. Сонымен қатар өндірістік шығындар да айтарлықтай өскен.
Мысалы, кейбір электр станцияларында газ бағасының қымбаттауы толық тарифке енгізілмеген. Бұдан бөлек, жылу электр орталықтарына қажетті судың құны екі есеге дейін артқан. Кейбір кәсіпорындар тіпті шығынмен жұмыс істеп отыр.
Ал көмір бағасына қатысты жағдай тұрақты. «Богатырь Комир» кәсіпорнында көмір құны өзгермегендіктен, бұл фактор тарифтің өсуіне әсер етпейді.
"Қорытындылай келе, тарифтердің нақты қаншаға өсетіні әзірге белгісіз. Бірақ 2026 жылдың екінші тоқсанының соңына қарай өзгерістер болуы мүмкін", – деді Сұңғат Есімханов.
Соңғы жаңалықтар