Қазақстанда анонимді Telegram-арналарды бақылау күшейеді

14.11.2025 16:19 Айсұлу Мұрат
Қазақстанда  анонимді Telegram-арналарды бақылау күшейеді
0
45
Pixabay

Қазақстанда анонимді Telegram-арналарды деанонимизациялау тетіктері әзірленуде. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді. Бұған дейін қазан айында мемлекеттік органдар елде «жалған қауіп-қатер таратып жүрген анонимді арналар көбейгенін» хабарлаған еді. Ал биыл көктемде министрлік анонимді аккаунттарды «өтірік, манипуляция және арандатудың ошағы» деп атап, оларды анықтау және бұғаттау бойынша нақты мақсат қойғанын жариялаған, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Редакция министрден деанонимизация қалай жүргізілетінін және ақпараттық кеңістікке қандай өзгерістер енгізілетінін сұрап, қосымша сауал жолдаған.

Анонимді арналар жауапкершілікке тартылуы мүмкін

Министрдің айтуынша, мемлекет деструктивті контентпен күресуге міндетті. Алайда қазіргі заңнамада тыйымдар көрсетілгенімен, анонимді қолданушыларды жауапқа тарту қиындық тудырады.

Аида Балаеваның сөзінше, бұл мәселені шешу үшін екі негізгі бағыт айқындалған:

  1. Анонимді арналардың иелерін анықтауға мүмкіндік беретін техникалық құралдар әзірлеу, сондай-ақ қажет болған жағдайда мұндай арналарды Қазақстан аумағында таңдамалы түрде бұғаттау мүмкіндігін қарастыру.
  2. Жазылушылар саны 10 мыңнан асатын анонимді арналарға аккаунт иесін анықтауға мүмкіндік беретін мәліметтерді ұсыну талабын енгізу.

Министр егер арна иелері бұл ақпаратты бермесе, әкімшілік айыппұл салынатынын айтты.

Жалған мамандар туралы шағым көбейген

Аида Балаеваның айтуынша, азаматтардан өзін «психолог», «коуч», «нутрициолог» ретінде таныстырып қызмет ұсынатын адамдарға қатысты көптеген шағым түседі.

Министр біліктілігі расталмаған бұл тұлғалардың әлеуметтік желілер арқылы курс, кеңес және түрлі материалдар сатып, азаматтарға материалдық және моральдық зиян келтіріп жатқанын айтты.

Осыған байланысты министрлік Қытай тәжірибесіне сүйене отырып, оқыту контентін тарататын адамдар өздерінің дипломы немесе сертификаты туралы мәліметті міндетті түрде көрсетуі тиіс деген норманы енгізуді ұсынып отыр.

Халықаралық платформалардың жауапкершілігі күшейтіледі

Қазақстан TikTok, Telegram, Meta және YouTube секілді платформалардың өкілдіктерімен жұмыс істеп келеді. Дегенмен министрлік олардың заң талаптарын орындауын нақтылау үшін бірқатар түзетулер енгізуді көздейді.

Ұсыныстардың қатарында:

  • деструктивті контентті жою жөніндегі министрлік нұсқамасын орындамаған жағдайда 200 АЕК-ке дейін айыппұл,
  • қайталанған жағдайда 400 АЕК-ке дейін айыппұл,
  • қажет болса, мұндай платформалардың трафигін шектеу шаралары бар.

Онлайн-платформаларда бейәдеп сөз қолданғаны үшін айыппұл төлейді

Министр әлеуметтік желілерде азаматтардың бір-бірін жиі балағаттайтынын атап, бұл әрекет ұлттық құндылықтарға қайшы келетінін айтты. Осыған байланысты онлайн-алаңдарда бейәдеп сөз қолданғаны үшін 80 АЕК көлемінде айыппұл енгізу мәселесі көтеріліп отыр.

16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне тыйым салынады

Министрлік балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында:

  • әлеуметтік желілерге,
  • кей онлайн ойындарға

16 жасқа дейінгі балалардың тіркелуіне шектеу енгізу мүмкіндігін талқылауда. Себебі кей платформаларда чат арқылы буллинг, алаяқтық және психологиялық қысым жасау жағдайлары жиі кездеседі.

Блогерлер түсірілім талаптарын сақтауы тиіс

Аида Балаева түсірілім жүргізу ережелерін түсіндіріп, блогерлер арасында бұл нормалардың дұрыс сақталмауынан туындаған проблемаларды атап өтті.

Министрлік болашақ заң жобасында қоғамдық қызмет пен жеке өмір арасындағы шекараны нақтылауды жоспарлап отыр.

Стримингтік платформаларды реттеу және заңсыз жарнаманы бұғаттау

Министрлік тәулік бойы мониторинг жүргізіп, онлайн-казино мен заңсыз букмекерлік жарнамаларды анықтап келеді.

Биылғы дерек бойынша:

  • 25 508 құқықбұзушылық тіркелген,
  • 10 465 интернет-ресурсқа қолжетімділікті шектеу нұсқамасы берілген.

Қазіргі таңда стримингтік сервистер Қазақстан заңнамасында нақты реттелмеген. Министрлік:

  • аудиовизуалды платформа ұғымын енгізуді,
  • мұндай сервистерге лицензия алу міндетін жүктеуді,
  • платформалардың құқықтары мен міндеттерін заң жүзінде нақтылау
  • ұсынысын енгізбек.

Балаеваның айтуынша, бұл шаралар ақпараттық қауіпсіздікті күшейтеді, балаларды зиянды контенттен қорғайды және медианарықтағы теңдікке жол ашады.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий