Қазақстанда мұғалім саны рекордқа жетті: Білім саласындағы жалақы қанша?
Қазақстан мектептерінде бұрын-соңды мұнша мұғалім жұмыс істемеген: олардың саны 415,5 мыңға жетті. Ал білім саласындағы орташа жалақы елдегі жалпы көрсеткіштен шамамен 20 пайыз төмен, деп хабарлайды Politico.kz Ranking.kz талдауына сүйеніп.
5 қазан, Ұстаздар күніне орай жарияланған талдауда мектептердегі педагогтер саны, олардың біліктілігі және білім саласындағы еңбекақы қарастырылған.
2025–2026 оқу жылында жалпы білім беретін мектептердегі мұғалім саны бір жылда 2,2 пайызға, бес жылда 13,3 пайызға өскен. Ranking.kz мұны ел тарихындағы ең жоғары көрсеткіш деп атап отыр.
Мектепте кімдер сабақ береді?
Біліктілік санаттары бойынша ең үлкен топты педагог-модераторлар құрайды: олардың саны 126,7 мың. Одан кейін «педагог» санатындағы 99,5 мың, педагог-сарапшы санатындағы 95,4 мың және педагог-зерттеуші санатындағы 82,6 мың маман тұр.
Мектептерде 5,5 мың педагог-тағылымдамашы және 3 мыңға жуық педагог-шебер де жұмыс істейді. Бұрынғы санат жүйесінде қалған мамандар саны шамамен 2,8 мың: 1,1 мыңы екінші, 884-і бірінші, 766-сы жоғары санатқа ие.
Мұғалімдердің басым бөлігі әлі де әйелдер. Олардың саны 337,8 мың, яғни жалпы педагогтер құрамының 81 пайызынан астамын құрайды.
Мұғалім ең көп жұмыс істейтін өңір қайсы?
Ұстаздар саны жөнінен халқы көп өңірлер алда келеді. Түркістан облысында 67,4 мың мұғалім жұмыс істейді. Алматы облысында олардың саны 34,9 мың, Алматы қаласында 28,6 мың.
Алғашқы бестікке Жамбыл облысы мен Шымкент те кірген: бұл өңірлерде тиісінше 28,2 мың және 23,4 мың педагог бар.
Астана жетінші орында тұр. Елорда мектептерінде 21 мыңнан сәл астам мұғалім жұмыс істейді.
Ең аз көрсеткіш Ұлытау облысында тіркелген: 3,8 мың педагог. Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының әрқайсысында 12 мыңнан сәл астам мектеп мұғалімі бар.
385,7 мың теңге кімнің жалақысы?
2026 жылдың екінші тоқсанында білім саласындағы орташа айлық 385,7 мың теңге болған. Бұл экономика бойынша орташа жалақыдан шамамен бестен бір бөлікке төмен.
Осы тұста бір айырманы ескеру керек: аталған сома бүкіл білім саласының орташа көрсеткіші. Оны мектеп мұғалімінің нақты айлығы деп қабылдауға болмайды.
Ұстаздың табысы еңбек өтіліне, біліктілік санатына, сабақ жүктемесіне және қызметіне қарай өзгереді. Бұған біліктілігі, сынып жетекшілігі, ерекше жағдайларда жұмыс істеуі және басқа да педагогикалық міндеттері үшін төленетін үстемақылар қосылады.
Талдау авторлары мұғалім еңбегінің сапасы балалардың біліміне, дағдысы мен құндылықтарына, ал ұзақ мерзімде елдің әлеуметтік және экономикалық дамуына әсер ететінін атап өтеді. Сондықтан ұстаз мәртебесін көтеру, мамандарды сапалы даярлау және еңбек жағдайын жақсарту білім саясатындағы негізгі міндеттердің қатарында қалып отыр.
Соңғы жаңалықтар