Қазақстанда нақты жалақының өсуі тоқтады

Қазақстанда нақты жалақының өсуі тоқтады, деп хабарлайды POLITICO.KZ саяси-әлеуметтік порталы.
2025 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша, Қазақстандағы орташа айлық жалақы 448,6 мың теңгені құрады, бұл бір жыл бұрынғыдан 11,3%-ға артық. Алайда, бұл тек инфляциямен боялған номиналды өсім. Ал бағаның өсуін ескергенде, нақты жалақы бір тиынға да өзгерген жоқ.
DATA HUB талдау телеграм-арнасы атап өткендей, бұл 2015 жылдан бергі бақылау тарихында нақты жалақының толықтай тоқтап қалуының алғашқы жағдайы. Бұған дейін сегіз тоқсан қатарынан байқалған орташа +2,5% өсім енді нөлге теңесті. Бұл жай ғана статистика емес, экономикалық өсімнің қарапайым халықтың қалтасына жетпей жатқанының дабыл белгісі.
Нақты жалақының құлдырауына ең үлкен соққыны құрылыс саласы беріп отыр, мұнда нақты жалақы бір жылда 10,8%-ға дейін құлдыраған. Сондай-ақ, қоғамның тірегі болуы тиіс білім беру және денсаулық сақтау сияқты екі негізгі әлеуметтік салада нақты табыс 3,1%-ға азайған. Экономиканың өсімі туралы ресми сандар айтылғанымен, миллиондаған азаматтың табысы инфляцияға жем болып жатыр. Егер үшінші тоқсанда нақты жалақы өспесе, елде баға өсіп, табыс тоқырауға ұшырайтын «стагнациялық инфляция» кезеңіне енуі мүмкін.
Соңғы жаңалықтар





