Қазақстанды қорлаған ресейлік стример қыз елден қуылды

13.08.2026 12:40 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Қазақстанды қорлаған ресейлік стример қыз елден қуылды
124
Коллаж Politico.kz

Қазақстан туралы қорлайтын пікірлер айтқан ресейлік Twitch стримері Ксения Гузаева елден шығарылды. Сот шешімімен блогерге Қазақстанға 5 жыл бойы кіруге шектеу қойылды. Бұл туралы Астана қаласының полициясы хабарлады, деп жазады Politico.kz.

Fasoollka лақап атымен танымал блогер маусым айының басында Қазақстанға келген. Ол желіде бірнеше рет тікелей эфирге шыққан. Трансляция кезінде стример ел мен оның тұрғындарының намысына тиетін сөздер айтқан. Сонымен қатар ол Қазақстанды «Штрафостан» деп атап, Павлодарды ресейлік қала деп мәлімдеді.

Бұл эфирлердің үзінділері әлеуметтік желілерде тез тарап кетті. Жұрт блогердің бұл сөздеріне жаппай наразылық білдірді. Қатты сынға ұшырағаннан кейін Гузаева көпшіліктен кешірім сұрады. Ол өз әрекетін әзілге балап, мұндай қылығы үшін ұялатынын мойындады.

Алайда кешірім сұрағаны оны жауапкершіліктен босатпады. Полиция бұл дерек бойынша тексеру жүргізді. Нәтижесінде құзырлы орган өкілдері оны жазаға тартып, елден шығарды.

«Шетел азаматшасы Г.К. Қазақстан Республикасының аумағынан кетті. Бұған дейін сот оны әлеуметтік желілердегі арандатушылық және әдепсіз сипаттағы пікірлері үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оған Қазақстанға бес жыл мерзімге кіруге шектеу қойылды», – деп мәлімдеді полиция.

Тәртіп сақшылары заң талаптарын сақтау және елге құрметпен қарау – баршаға ортақ міндет екенін ескертеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий