Қазақстандық футболшы Дастан Сәтпаев «Челси» сапындағы алғашқы голын соқты
Алматылық «Қайрат» футбол командасынан шыққан Дастан Сәтпаев үшін «Уэстерн Сидней Уондерерс» командасына қарсы жолдастық кездесу дебют болды. Қазақстандық футболшы ойынның 6-минутында гол соқты, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл – қазақстандық ойыншының «Челсидің» негізгі құрамында алғашқы минуттан бастап алаңға шыққан алғашқы матчы. Ол команданың маусым алдындағы турнесінде 36-нөмірмен өнер көрсетіп жүр.
Кездесу 28 шілдеде Сиднейдегі «Аккор» стадионында өтіп жатыр. Сәтпаевпен бірге негізгі құрамда Тедди Шарман-Лоу, Джош Ачимпонг, Тайо Субулойе, Тосин Адарабиойо, Лэндон Эменало, Дариу Эссугу, Реджи Уолш, Реджи Уотсон, Лиам Делап және Райан Кавума-Маккуин алаңға шықты.
Дастан Сәтпаев – «Қайрат» академиясының тәрбиеленушісі және Еуропаның топ-5 лигасына кіретін беделді клубпен келісімге келген алғашқы қазақстандық футболшы.
1 шілдеден бастап қазақстандық шабуылшы лондондық «Челси» клубына ресми түрде ауысқан болатын.
Дастан Сәтпаевтың трансфері туралы былтыр хабар тараған болатын. Бірақ ол маусымда «Қайраттан» кетіп, Лондонға аттанды.
Айта кетейік Дастан Сәтпаев Қазақстанның ең қымбат ойыншысы атанған еді.
Соңғы жаңалықтар