Қазақстанға құйылатын инвестиция бағыты өзгерді
Қазақстанда инвестициялық саясаттың жаңа кезеңі басталып, шетелдік капиталдың басым бөлігі шикізат секторынан өңдеу өнеркәсібі, энергетика, агроөнеркәсіп және жоғары технологиялық өндірістерге бағыттала бастады, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Еуразиялық даму банкінің (ЕАДБ) сарапшылары соңғы бес жылдағы инвестициялық ахуалды талдау барысында мәлімдеді.
ЕАДБ деректеріне сәйкес, соңғы бес жылда ТМД және Азия елдерінен Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемі 42 пайызға өсіп, 5 млрд доллардан асты. Электр энергетикасына құйылған инвестициялар 4,6 есеге артып, 1,7 млрд долларға жетсе, агроөнеркәсіптік кешенге салынған қаржы 2,4 есе өсіп, 1,5 млрд долларды құрады.
Ал шикізат секторына тартылған инвестициялар небәрі 10 пайызға ғана өсіп, оның жалпы инвестициядағы үлесі 42 пайыздан 33 пайызға дейін төмендеген.
Сарапшылардың айтуынша, бұл ел экономикасының әртараптандыру бағыты нақты нәтижелер бере бастағанын көрсетеді. Биылғы жылдың алғашқы жартысында өңдеу өнеркәсібінің өсімі 9,8 пайызды құраса, өндірілген өнім көлемі 16,2 трлн теңгеге жеткен.
Қазіргі таңда Қазақстанда бірқатар ірі инвестициялық жобалар қолға алынуда. Олардың қатарында Қостанай облысында құны 12 млрд доллардан асатын толық циклді алюминий өндірісі паркі, Қарағанды облысындағы көмір-химия кешені және Жамбыл облысындағы қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясы бар.
Сонымен қатар, Маңғыстау облысында көпфункционалды «Құрық» портының құрылысы, Жетісу облысында агроиндустриялық парк пен логистикалық кешен, Түркістан облысында мақта-тоқыма кластері және Алматы облысында алкогольсіз сусындар өндіретін зауыт салу жоспарланған.
Инвесторлардың басым бөлігін Еуропалық одақ елдері, АҚШ, Парсы шығанағы мемлекеттері және Қытай компаниялары құрайды. Қытай инвестициясының көлемі бүгінде 11,4 млрд долларға жетіп, ел аумағында 70-тен астам жоба жүзеге асырылып жатыр.
Сарапшылар Қазақстанға деген сенімнің артуын тұрақты экономикалық өсіммен байланыстырады. 2025 жылы елдің жалпы ішкі өнімі 6,5 пайызға өссе, 2026 жылдың алғашқы алты айында қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіш тағы 5,1 пайызға артқан.
Бұдан бөлек, Қазақстан шетелдік инвесторларды тартудың жаңа тетіктерін енгізіп жатыр. Олардың қатарында дайын инвестициялық ұсыныстарды ұсыну жүйесі мен инвесторлар мен жоғары білікті мамандарға арналған «Алтын виза» бағдарламасы бар.
ЕАДБ сарапшыларының пікірінше, қолайлы географиялық орналасуы, дамып келе жатқан көлік дәліздері, макроэкономикалық тұрақтылығы және ауқымды нарығы Қазақстанды Еуразиядағы өндірістік және логистикалық хабтардың біріне айналдыруға мүмкіндік береді.
Соңғы халықаралық рейтингтер де бұл үрдісті растап отыр. Қазақстан инвесторлар үшін ең қауіпсіз елдер рейтингінде 17 сатыға көтеріліп, Орталық Азиядағы көшбасшы ел атанды.
Соңғы жаңалықтар