Қазығұртта бас дәрігер мен кәсіпкер сотталды

Қазығұртта бас дәрігер мен кәсіпкер сотталды
Фото: magnific.com

Түркістан облысында Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының бұрынғы бас дәрігері медициналық жабдық сатып алуға бөлінген бюджет қаражатын жымқырғаны үшін 8 жылға, онымен сыбайлас болған кәсіпкер 7 жылға сотталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, екеуі реанимациядағы науқастарға қажетті оттегімен жабдықтау жүйесін сатып алуға бөлінген қаражатты жымқыру схемасын ұйымдастырған.

Олар біртұтас медициналық кешенді бірнеше бөлек тауарға бөліп, өз бақылауындағы компаниялар арқылы нарықтағы бағасынан қымбатқа сатып алуды рәсімдеген. Алайда жабдықты іс жүзінде басқа ұйым жеткізіп, орнатқан.

Осының салдарынан мемлекетке 117 млн теңге залал келген. Жымқырылған қаражаттың бір бөлігіне жылжымайтын мүлік сатып алынып, туысының атына рәсімделген.

Сот үкімімен Астанадағы пәтер мен екі автокөлік мемлекет кірісіне тәркіленді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, Ақтөбеде де бас дәрігер 53 млн теңге жымқырғаны үшін сотталған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу